Немолчи.kz қорының жетекшісіне қатысты "Алаяқтық" бабымен қылмыстық іс қозғалды
Немолчи қорының басшысы, әйелдер құқығын қорғаушы, қоғам белсендісі Дина Таңсәрі үстінен үш қылмыстық іс қозғалғанын айтып, полициялардың жұмысына шамданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полиция департаментінің хабарлауынша қор жетекшісіне қатысты қазіргі таңда “Алаяқтық” бабымен іс қозғалған.
“Өскемен қаласындағы Ертіс полиция бөлімінде Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі “Алаяқтық” бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлайды. Қазіргі уақытта тиісті тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша құқықтық баға беріледі. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды”, – деді Өскемен полиция департаменті басшысының орынбасары Бердімұратов.
Бұған дейін Немолчи.kz қорының өкілдері Дина Таңсәріге қатысты “Жалған ақпарат тарату”, “Жеке деректерді жариялау” және “Алаяқтық” бойынша қылмыстық істер қозғалғанын хабарлаған еді. Ақпаратқа сәйкес бұл істерде жәбірленушілер мен арызданушылар жоқ, алайда полиция тергеуді бастаған.
“Шығыс Қазақстан облысының полициясы үстімнен іс қозғады. Полиция Немолчи қорының донаторларын іздеуде. Мені жеке деректерді таратты деп айыптап жатыр, алайда қазіргі таңда полицияның өзі де осыны жасап жатыр.
Олар үй-үйді аралап, жұмысқа келіп, қорға ақша жіберген адамдардың туыстарын іздеп, заңсыз, негізсіз менің және күйеуімнің деректерін бәріне айтып, бәріне қарсы арыз жазуды талап етіп жатыр. Алайда бізден ешкім зардап шеккен жоқ”, – деді ол.
Айтуынша, бәрі жәбірленушілердің емес, полицияның рапортына негізделген. Қазіргі таңда қорға ақша аударған 7000-нан астам адамнан жауап алуда дейді ол.
“Осындай сауатсыз, өзіндік ұстанымы жоқ форма киген адамдардың жұмыс істеп жатқанына өкінемін, байғұс халқымыздың жағдайына алаңдаймын! Қазір кез келген қоғам белсендісі, қайырымдылықпен айналысатындарға қауіп төніп тұр, өйткені полиция біздің конституциялық құқығымызды бұзып, қылмыскерлерді ұстаудың орнына белсенділерді құртып жатыр!” – деді құқық қорғаушы.