Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайдағы мұсылман белсенділер мешіттердің жаппай жабылып жатқанына наразы

Қытай үкіметі  "мешіттерді біріктіру" саясаты негізінде Нинся және Ганьсу провинцияларындағы мешіттер санын айтарлықтай қысқартып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Human Right Watch басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қытай билігі үкіметтің ислам дініне шектеу қою үшін мешіттерді жабуда. Билік мешіттерден күмбездер мен мұнаралар сияқты ислам сәулет өнерінің ерекшеліктерін алып тастаған.

"Қытай үкіметі өзі мәлімдегендей мешіттерді жай тексеріп жатқан жоқ, оларға шектеу жасап, тұрғындардың діни бостандығына қайшы келіп жатыр. Қытай үкіметінің мешіттерді жабуы, қиратуы – исламды шектеуге бағытталған жүйелі әрекеттерінің бірі", – деді Қытайдағы Human Rights Watch директорының міндетін атқарушы Майя Ван. 

Қытай заңы рұқсат етілген діндердің ресми бекітілген ғибадатханаларында ғана ғибадат етуге рұқсат береді. 2016 жылдан бастап Қытай коммунистік партиясы дінді “қытайландыру” мақсатында дінге бақылауды күшейтті.

Мұсылман белсенді Ма Цзюй студенттер мен мемлекеттік қызметкерлерге діндерінен бас тартпаса, емтихан сынағын тапсыруда және жұмысына қатысты мәселелерге тап болатынын айтқан.

Шыңжаңнан бөлек мұсылмандар тұратын Нинся және Ганьсу провинцияларындағы мешіттер азайтылып жатыр. Аустралияның стратегиялық саясат институтының (ASPI) мәліметі бойынша, 2017 жылдан бері Шыңжаңдағы мешіттердің үштен екісі жойылыпты. Жартысына жуығы толығымен бұзылған.

Ниншяда жеті мешіттің үшеуінің негізгі ғимараты бұзылып, біреуінің дәрет алатын залы бүлінген. Билік барлық жеті мешіттің күмбезі мен мұнарасын алып тастады.

2014 жылы 4203 мешіт жабылған. Хуэй мұсылмандары үкіметтің цензурасына қарамастан бұл саясатқа ашық қарсы шықты. 2021 жылдың қаңтарында олар мешіттердің жабылуы мен бұзылуына, сондай-ақ күмбездер мен мұнаралардың бұзылуына наразылық білдірген.

Ма Цзюйдің айтуынша, олар әдейі тек дәрет алатын жерін немесе күмбезін алып тастап жатыр. Себебі осыдан соң мешітке барушылар азаяды. Ал адамдар баруын азайтқандықтан, “ешкім келмейді” деген желеумен мешіттерді толық жабады. Сондай-ақ мешітке бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда әрі келушілердің жеке куәліктері тексеріледі.

2019 жылы Чжунвэй қаласының билігі "214 мешітті қайта құруды аяқтап, 58 мешітті біріктіріп, 37 тіркелмеген діни нысанға тыйым салғанын" мәлімдеді. Ресми Ниншя мешітінің анықтамалығына сәйкес, 2009 жылы Чжунвэй қаласында 852 мешіт болған.

Цинтунся қаласының үкіметі 2020 жылы "алты мешітті біріктіргенін жазды. 2009 жылы Цинтунсяда 69 мешіт болған.
Цзинги қаласында билік 2021 жылы "исламдық сәулет ерекшеліктері бар 130-дан астам нысанды түзетіп, мешіттерді жүйелі түрде "біріктіруді" жүргізгенін айтты.

Талқылау