Кемел Тоқаевтың Жетісудағы 100 жылдық мерейтойына мемлекет бюджеті жұмсалды ма – Әкім жауабы
Жазушы, мемлекет басшысының әкесі Кемел Тоқаевтың Жетісу облысында өткен 100 жылдық мерейтойын өткізуге әкімдік бюджеттен қаржы бөлді ме? Бұл сұраққа аймақ әкімі Бейбіт Исабаев жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: ОКҚ
Облыс әкімі Исабаев бұрын-соңды мерейтойы өтпеген Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына өзі де қатысқанын айтты. Ас беріліп, аламан бәйге мен өзге де мерейтойлық шаралар ұйымдастырылған бұл жиынға әкімдік бір тиында бөлмеген көрінеді.
“Әрине, мен қатыстым. Бюджеттің ақшасынан көк тиын бөлінген жоқ. Кемел Тоқаев атындағы арнайы қайырымдылық қоры бар. Қайырымдылық қоры осы іс-шараны өткізудің барлық шығынын өз мойынына алды. Әкімдіктен ешқандай ақша бөлінбеді”, – деді облыс әкімі елордада өткен есеп беру брифингінде.
Айта кетейік, биыл қыркүйек айында Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы Жетісу облысы Қаратал ауданы Жаңаталап ауылында аталып өткен еді.
Президенттің әкесінің мерейтойын өткізуді көпшілік жеке басқа табынушылық, жағымпаздық деп бағалады. Бұл ақпаратқа мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдірген еді.
Сондай-ақ тамыз айында Жетісу облысына қарасты Қаратал ауданының әкімдігі Кемел Тоқаев бейнеленген медальдарды 1,4 млн теңгеге сатып алмақ болған. Кейін әлеуметтік желіде көтерілген шудан кейін әкімдік медальдарды әзірлеуден бас тартты.