Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның шығысында жүздеген миллиард теңгеге көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО салынбақ

Фото: depositphotos.com

Энергетика министрлігі Абай облысы, Курчатов қаласында қуаты 700 МВт болатын көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталығын (ЖЭО) салу бойынша тендер жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Курчатов қаласында конденсациялық электр орталығын салу жобасы бойынша қайта іске қосылатын генераторлық қондырғыларды салуға арналған тендерді жариялау күні – 2025 жылдың 25 желтоқсаны”, – делінген жарияланған құжатта.

ЖЭО-ның орнатылған және қолжетімді қуаты 700 МВт құрайды, оның шамамен 9%-ы орталықтың өз қажеттіліктеріне жұмсалады. Яғни, желіге 644 МВт электр энергиясы беріледі. Тендер жеңімпазы генераторлық қондырғының өндірушісін өз бетінше анықтайды.

Көмірмен жұмыс істейтін орталықты салуда шығарындылар мен басқа көрсеткіштер бойынша ең үздік қолжетімді технологияларды қолдану қажет. Негізгі жанармай ретінде “Д” маркалы көмір, отты жағу үшін дизель отыны белгіленген. Құжатта Курчатовтан 100 шақырымннан аз қашықтықта көмір кен орны (Қаражыра) бар екені көрсетілген. 


Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтары салынады

Алматыдағы жылу электр орталықтарының қашан газға көшетіні белгілі болды


ЖЭО электр энергиясын Семейдегі 500 кВ және Ақтоғайдағы 500 кВ қосалқы станцияларына қосу арқылы, сондай-ақ 500 кВ жоғары кернеулі желілерді салу арқылы желіге береді.

ЖЭО құрылысының жалпы сметалық құны қосылған құн салығын (ҚҚС) есептемегенде 759,59 миллиард теңгеге бағаланған. Электр қуатын қамтамасыз етуге арналған максималды жеке тариф – айына 1 МВт үшін 23,2 миллион теңге (жылына 179,36 миллиард теңге) болып, бұл көрсеткіш бес жылға есептеледі.

Орталықты салу мерзімі ретінде 2026–2032 жылдар аралағы көрсетілген. Осы күннен бастап электр қуатын қамтамасыз ету қызметін біртұтас сатып алушы ретінде "ЖЭК қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы" компаниясымен сатып алу туралы келісімшартқа қол қойылады. Бұл компания – энергетика министрілігінің құрамында. Осылайша, тендер жеңімпазы ЖЭО салу, қаржыландыру, пайдалану және қызмет көрсету міндеттерін өз мойнына алады.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев жылу электр орталықтарына "таза көмір" технологиясын енгізуді ұсынған еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 25 Желтоқсан, 2025 22:39