Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың жалақысы ресми көрсеткіштен әлдеқайда төмен болып шықты

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елдегі орташа айлық жалақы 390 300 теңгені құрайды. Алайда, 16 саланың 9-ында бұл көрсеткіштен төмен жалақы төленеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Energyprom.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Gettyimages.com / Roman Chekhovskoy

Ең төменгі орташа жалақы білім беру, ауыл шаруашылығы, өнер, ойын-сауық және демалыс салаларында тіркелген. Білім беру саласында орташа жалақы – 272 мың теңге, ауыл шаруашылығында – 283,8 мың теңге, ал өнер, ойын-сауық және демалыс саласында – 267,2 мың теңге.

Сарапшылардың айтуынша, номиналды жалақы – бұл тек статистикалық көрсеткіш. Ол жалпы еңбекақы қорын қызметкерлер санына бөлудің нәтижесінде есептеледі. ҰСБ мәліметтеріне сәйкес, өткен жылы барлық салаларда модальды жалақы номиналды жалақыдан төмен болып, 97,6 мың теңгені құраған.  Мұндай жалақы мемлекеттік басқару (97,6 мың теңге), сараптамалық қызмет (117,5 мың теңге), ауыл шаруашылығы (148,8 мың теңге) және т.б салаларда байқалған.


"741 мың теңге": Қазақстанда қай сала маманына ең жоғары жалақы ұсынылады


Жылына бір рет Ұлттық статистика бюросының сарапшылары жалдамалы жұмысшылардың жалақы деңгейіне талдау жүргізеді. Соңғы есеп 2024 жылғы сәуір айындағы мәліметтер негізінде жасалған. Бұл деректер әртүрлі деңгейдегі мамандардың жалақысы өз саласындағы орташа көрсеткіштен қаншалықты айырмашылығы бар екенін бағалауға мүмкіндік береді.

“Зерттеу нәтижелері бойынша, ең төмен жалақы алатындардың қатарында біліктілігі жоқ жұмысшылар бар – олардың еңбекақысы орташа жалақының тек 44%-ын құрайды. Қызмет көрсету және сату саласындағы мамандар да орташа деңгейге жете алмайды, олардың жалақысы 51%-ды құрайды. Әкімшілік қызметкерлердің табысы орташа көрсеткіштің 76%-ына тең, ал техникалық мамандар мен көмекші персонал 84% деңгейінде жалақы алады. Керісінше, кәсіби мамандар орташа деңгейден жоғары еңбекақы алады – олардың табысы 111%-ды құрайды, себебі олар көбінесе негізгі қызметкерлер болып саналады. Ал басшылардың жалақысы одан да жоғары, олардың еңбекақысы орташа деңгейден 163%-ға көп”, – дейді сарапшылар. 

Алайда ең төменгі жалақыларды тек біліктілігі төмен жұмысшылар ғана алмайды. Ұлттық статистика бюросы жариялаған 55 мың нақты мамандық тізімінен басылым өнеркәсіп, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларында ең төмен жалақы алатын 10 лауазымды таңдап салыстырған. Бұл деректертерге сүйенсек, химия өнеркәсібі саласында инженер-лаборант 95 мың теңге, автоэлектрик 91,9 мың теңге, электр машиналары мен аппараттарын жобалаушы инженер бар болғаны 110 мың теңге жалақы алады. Энергетика секторында да 100 мың теңге және одан да төмен жалақы алатын 100-ден астам мамандық пен лауазым бар. Олардың арасында диспетчерлер мен бақылаушылар, жел электр станцияларын жөндеу жөніндегі электрослесарьлар (96,5 мың теңге), электр жабдықтарын қызмет көрсету электромонтерлері (85 мың теңге), энергетиктер (90 мың теңге) бар.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда орташа жалақы көлемі 435 мың теңгеге дейін өскенін жазғанбыз.

Талқылау