Ерлер әйелдерге қарағанда бақытты: Өміріне көңілі толатын қазақстандықтардың үлесі қанша
Қазақстандықтардың 60 пайызынан астамы өзін бақытты санайды. Еліміздің статистика комитеті жүргізген сауалнама нәтижесі осындай болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандықтардың 63 пайызы өзінің бақытты, яғни тұрмыс-тіршілігіне разы екенін айтыпты. Мұндай зерттеуді статистика комитеті жүргізген. Нәтижесінде өз өміріне көңілі толатындардың дені ауыл тұрғындары болып шыққан. Респондеттердің 72,6 % хәл-ауқатына, өмір сүру деңгейіне көңілі толатынын көрсетіпті. Бірақ қоғам белсендісі Айша Құрманғали жүргізілген сауалнамаға күмәнмен қарайтынын айтады.
"Шынайы жағдайға үңілетін болсақ, бақыттымен деуге келмейтін сияқты. Статистиканы жүргізушілер аралас-құралас, кабинете отырып жүргізуі мүмкін. Қиналып жүргендердің арасында сұрау салмауы мүмкін", - дейді ол.
Мамандар бақыттың формаласын бірнеше категория арқылы анықтаған: денсаулық, жұмыс, отбасы, ақша, табыс.
Осы ретте арна тілшілері де қала тұрғындарына "Сіз бақыттысыз ба?" деген сұрақты қойыпты. Халықтың көбі өмірге шүкіршілік еткенімен, Қазақстанды бақытты елдер қатарына жатқыза алмайтынын айтады.
Ал психологтар бақыттың өлшемін әркім арқалай түсінетінін айтады. Себебі оның нақты формуласы жоқ.
"Көп адамдар бақыттың не екенін, не үшін қажет екенін ойламайды. Бақытты болуды армандайды, бірақ бақытты болуға талпынбайды, сүйікті ісімен айналыспайды", - деді психолог Лаура Мугжанова.
Ең қызығы ер азаматтар әйелдерге қарағанда бақытты. Нақтырақ айтсақ, еркектердің 65,9%-ы, нәзік жандылардың 62%-ы ғана өміріне дән риза.
"Жалпы енді медальдің екі жағы бар. Біреулер үшін бақыт қызмет, қоғамдағы орны, материалдық жағдайы болуы мүмкін. Біреулер үшін бала-шағасының амандығы болуы мүмкін. Қазақ деген шүкіршілік халықпыз ғой", - деді қоғам белсендісі Айша Құрманғали.
Әлемдік рейтингке үңілсек, бақыт деңгей жөнінен Қазақстан былтыр 60-шы орынға жайғасқан. Көшбасында Финляндия, Дания, Норвегия секілді мемлекеттер тұр.