Алматылықтар коммуналдық қызметтің бағасы шарықтады деп шулады: "Жылу желілері" себебін түсіндірді
Ай сайын келетін ыстық су мен суық судың төлемі екі есе өтіп, алматылықтардың жағасын ұстатты. Желі қолданушылары коммуналдық қызмет бағаларының шарықтап кеткеніне шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде Әсел есімді желі қолданушысы 2 ай үйде болмаса да коммуналдық қызметтің төлемдерін көріп жағасын ұстаған. Айтуынша, ол екі ай саяхаттаған. Бірақ үйіне оралғанда коммуналдық қызмет үшін екі айға 67 000 теңге төлеген. Қаңтар үшін 23 763 теңге шықса, ақпанда 42 354 теңге төлеген.
“Барлығы есептеуіштің кесірінен. Есептегіштер орнатылған күннен және пломбалау күнінен бастап есептемейді. Бәрі мердігердің сізге есептегіштің қай жылы қойғанына және есептеуіштің қай жылы шыққанына байланысты. Осыны мұқият тексеріңіздер. Мен қайта есептетемін бе, жоқ па білмеймін. Өйткені менің есептеуішімді жөндеуге болады. Мен мүлдем су пайдаланбап едім. Бірақ қарыз болмас үшін осынша ақша төлеуге мәжбүрмін”, – дейді Әсел.
@kkasselya мне теперь ещё за продление счётчиков платить 🫠
♬ original sound - kkasselya
Тағы бір алматылық бір айда жылу, ыстық су мен суық судың бағасы неге шарықтап кеткенін түсінбей дал.
“Алматылықтар, осы айда коммуналдық қызмет бағасы бәріне екі есе боп келді ме? Интернетсіз 13-15 мың теңге төлейтін едім. Енді 30 мың теңге деп тұр”, – деп жазды парақшасында.
Желі қолданушылары бір ауыздан коммуналдық қызметтің екі есе қымбаттап кеткенін айтып, шулады.
“Дәл солай, 20-25 мың төлейтін едім, осы айда 50 мың болыпты”, “Тек жылу үшін 18 мың теңге төлеймін”, “Өткен айда 60 мың төледім, осы жолы 80 мың шықты”, “Бұған дейін 55 мың төлейтін едім, осы ай 68 мың теңге шықты”, “Екі апта үйде болмадым, бірақ 25 мың теңге төледім”, “Жылу үшін 17 500 теңге шыққанын түсінбеймін. Шаршы метр үшін 169 теңге деп көрсеткен. Көп дегенде 10 мыңнан сәл асатын сома төлеуім керек еді”, – деп жарыса жазды желідегілер.
Алматылықтардың наразылығынан кейін Алматы жылу жүйесі неге бұлай болғанын түсіндірді. Компанияның мәлімдеуінше, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жылу ақысы екі кезеңге бөлінген. 31 желтоқсанға дейін алдыңғы бағам бойынша және 1 қаңтардан бастап – өзгертілген бағам бойынша есептеу. Бұл жағдайда "Алсеко" түбіртегінде екі кезең үшін төлемі бар ақпарат көрсетіледі.
Фото: Желіден
Коммуналдық есептегіштері бар Алматы тұрғындары пәтердің ауданына қарай шағын топтар бойынша төлейді:
- Жылыту алаңы 100 шаршы метрге дейін;
- Жылыту ауданы 100-ден 200 шаршы метрге дейін;
- Жылыту алаңы 200 шаршы метрден жоғары.
“Жалпыүйлік есептеу құралы орнатылған үйлерде жылу және ыстық су қызметі үшін тұрақты төлем жоқ. Төлем сыртқы ауаның температурасы мен тұрғын үйдегі жылу тасымалдағыштың нақты тұтынылуына байланысты, оны жалпыүйлік жылу энергиясы есептеу құралы тіркейді. Өткен жылдың (және алдыңғы жылдардың) түбіртектерін тексерсеңіз, жылу маусымында төлем әр ай сайын өзгеріп тұратынын байқайсыз”, – делінген хабарламада.
Ақпан айындағы түбіртектерде есептелген сомалар екі кезеңді (желтоқсанның бір бөлігі және қаңтардың бір бөлігі) қамтиды.
Монополияға қарсы ведомствоның 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифті өзгертуіне байланысты төлем екі кезеңге бөлінген. Яғни, 31 желтоқсанға дейін бұрынғы тариф бойынша есептеліп, 1 қаңтардан бастап өзгертілген тариф бойынша есептелген. Бұл ретте, екі кезең бойынша төлем туралы ақпарат "Алсеко" түбіртегінде көрсетіледі.