Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"60 мың теңгеден төмен жалақы алатын қазақстандықтар - кедейлер": Еліміз кедей бола тұра, басқа елдерге не үшін көмектеспек?

Осыдан бірер ай бұрын Дүниежүзілік банк Орталық Азия елдеріндегі кедейлік деңгейіне зерттеу жүргізді. Сарапшылар ұзақ дағдарыс елдегі кедейліктің өсуіне алып келетінін айтады. Осыған қарамастан, жақында Қазақстанда кедей елдерге көмектесу мақсатында “KazAID” халықаралық агенттігі құрылады деп хабарланды. Қазақстан басқа елдерге жәрдемдесетін дәрежеде ме,  еліміздің кедей мемлекеттер қатарында жүруіне не себеп? Кедейшіліктен қалай құтыла аламыз? Stan.kz редакциясы мамандар пікірін білді.

кедейлік

Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 32 668 теңгені құрайды. Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табысы осы сомадан төмен азаматтар кедейлік шегінен төмен тұратын адамдарға жатады.

Қазақстанда кедейшіліктің артуын Дүниежүзілік банкта болжап отыр. Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ)-нің 2020 жылы 3%-ға төмендеуі және 2021 жылы 2,5%-ға аздап қалпына келуі болжануда.

"Ұзаққа созылған дағдарыс кедейліктің өсуіне әкеліп, Қазақстандағы теңсіздікті арттыруы мүмкін. Алдын ала бағалау көрсеткендей, кедейлік деңгейі 2020 жылы болжанған 8,3-тен 12,7 пайызға дейін көтерілуі мүмкін, бұл кедейлікте өмір сүретін 800 мыңнан астам адамға сәйкес келеді. Пандемияға байланысты еңбек нарығының күйзелісі, әсіресе біліктілігі төмен жұмысшылар жұмыс істейтін салаларда байқалады", -делінді банк тұжырымдамасында.

Кедейлікке алып келетін негізгі факторлар қандай?

Экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан Ысқақов халықтың тұтынушылық сұранысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен екендігін айтады.

"Пандемия кезінде халықтың 60%-дан астамы тұрақты табысынан айырылып қалды. Мемлекеттік жәрдемақы - ең төменгі жалақы ретінде берілді, ол қазіргі халықтың сұранысын қанағаттандырған жоқ. Біздің халықтың тұтынушылық сұранысы одан да жоғары, себебі тұтынушылық тауарларымыз өте қымбат", - дейді экономист.  

Айтуынша, кедейлікке алып келетін негізгі себептер ішінде экономиканың шикізатқа, сыртқы факторларға тәуелділігін атап айтуға болады.  

"Қара алтынның бағасы төмендеді, осыған сәйкес, бюджеттің кіріс бөлігі де азайды. Кедейшілікке әкелетін тағы бір себептің бірі - халықтың күнделікті табысынан айырылып қалғандығы.  Үшінші фактор, халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі.

18 млн халықтың 9 млн 200 мыңы -  жұмыс істейтін халық, олар 18-63 арасындағылар, ал қалғандары балалар, жұмысқа жарамсыздар", - дейді экономист. 

Айтуынша, 7,5 млн халықтың екінші деңгейлі банктерден алған қарызы бар екен. Осы 7,5 млн халықтың 4 млны халықтың қарыз берешегі 90 млн-нан асып кеткен, яғни бұл қарызды қайтару мүмкіндігінің жоқтығын білдіреді.        

"Пандемия кезінде тамақты, киімді, шикізаттың барлығын таза өнім етіп, өзімізден өндіретін болсақ, сыртқа тәуелді болмай, халықты сол арқылы күнделікті жұмысымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруші едік. Ел сыртқы факторларға тәуелді болып қалғандықтан, дағдарыс кезінде ештеңе істей алмай қалдық, халыққа жұмыс тауып бере алмадық, тіпті зауыттар да жұмыс істемеді", - дейді Бауыржан Ысқақов. 

БҰҰ, Дүниежізілік банк осындай факторларды негізге алады. Мәселен, Өзбекстан шикізаттының 90 пайызын өз елдерінен шығарады. Яғни, ақша айналымы ел ішінде жүргізіледі, дейді ол.          

"Ал біз Белорусьтің картобын, Ресейдің сүтін, Өзбекстанның жемісін сатып аламыз. Мемлекеттің ақшасына біз басқа елдің экономикасын дамытып жатырмыз деген сөз", - дейді Бауыржан Ысқақов.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі 32 668 теңге: Бұл қалай есептеледі?

Ең төменгі күнкөріс деңгейі адамдардың бір айда тұрақты тұтынатын тауарларын алып есептеледі. Бір адам бір айда тұтынатын тауарларының орташа бағасын шығарылады. Ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу кезінде, арзан, әлеуеметтік тауарлар есепке алынады. Осы күнкөріс минимумын 100 000 тг өсіретін болсақ, күнкөріс қаражаты да, жалақы да өседі.        

Одан бөлек, тұтынушылық себет жайлы айтып өту керек. Мұнда әр адамның бір айға қажетті тауарлары есептеледі.

Еуроодақ ішіндегі мемлекеттерде ең төменгі жалақы бізде екен. Тіпті, Қырғызстанда жалақы теңгемен шаққан 56 000 тг болады. 

Ал Ресейде ең төменгі жалақы - біздің ақшамен шаққанда 116 мың теңге. Біздегі ең төменгі жалақы 42 500 теңге, ол кем дегенде 100 мыңнан асу керек. Германия сияқты елдерде тұтынушы себетіне тіпті аққайнар (шампанское, ішімдік- ред. түсіндірмесі), үйде ит болатын болса, ит күтушілердің шығындарын қосады. Қалтасынан шығатын қаражаттарды қосқан жағдайда мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылардың көлемі артады.                    

Төменгі жалақы өссе, Дүниежүзілік банктің кері статистикасын реттеуге мүмкіндік аламыз. Сондай-ақ:

  • Құрылыс-материалдарын өзімізден шығарытындай құрылыс комбинаттарын ашу керек.
  • Сол сияқты тамақ, киімді өзімізден шығаратындай нақты механизм құру керек. 
  • Облыс әкімдері, қала әкімдерінің жұмысының ең басты көрсеткіші ретінде осы мәселені қою керек. Қанша адамды жұмысқа орналастырды, неше жұмыс орнын ашты.        

Осылайша, кешенді түрде жүзеге асқан жағдайда өзінің жақсы әсерін тигізеді.         

БҰҰ: Әлемде кедейлік орнайды

GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, БҰҰ-ның болжамы орынды. Айтуынша, Қазақстанда кедейлер саны миллионға жетіп қалды.

"Әлемде экономикалық дағдарыс басталды. Пандемияның себебінен ірі коронадағдарыс орын алды. Экономикалық циклдың заңы бар. Сол бойынша дағдарыс кезінде жұмыссыздық өршиді, жұмыссыздықпен қатар, халықтың әл-ауқатының төмендеуі қатар келеді. Осы жағынан келгенде кедейшіліктің орын алып жатқан жағдайы бар. Күзге қарай оның өршитіндігін атап өткім келеді. Көптеген компания жабылып жатыр, осы процестердің бәрі әрбір отбасының кіріс деңгейін, отбасыға алып келетін жалақысының деңгейіне бірден әсер етеді", - дейді ол.

Экономист Қазақстанда кедейлер саны миллионға жетіп қалғанын айтады.

Қазақстан жағдайында кедейшілік шегі ең төменгі күнкөріс шегінен есептеледі. Ең төменгі күнкөріс шегінің 70%-ы деңгейінде болса, әрбір азаматқа шаққанда отбасылық кіріс төмен болса ондай азаматтар кедей боп саналады. 

Кедей халықтың саны әлдеқайда көп

Ең төменгі күнкөріс шегі 32 000 теңге. Осы статистикаға сәйкес, Қазақстанда кедейлер саны миллионға жетіп қалды, дейді экономист Мақсат Халық.

"Елімізде күнкөріс деңгейі өте төмен және оны көтеру керек деп сын айтылды. Егер оны ең төменгі жалақы деңгейіне дейін көтеретін болсақ, онда кедейлердің саны тіпті артады. Сондықтан бұған дейінгі уақытта Ұлттық экономика министрлігі, статистика комитеті цирфларды бояп келген жағдайлар болды. Шынын айту керек, бұл өте аз көрсеткіш. Шын мәнінде кедей халықтың саны әлдеқайда көп. 

Жыл сайын статистикалық мәлімет бойынша кедейшілік шегі кеміп келе жатты. Біздегі үкімет, өкінішке қарай, әлем елдеріне бізде жағдай жақсы деп көрсеткісі келеді", - дейді ол. 

Оның айтуынша, осы мәселенің шешілуіне бір ғана үміт бар, Статистика комитеті Ұлттық экономика министрілігі қарамағанан алынып, бөлек, "Asper" реформалар жасайтын жаңа агенттік болып құрылды. Ол тікелей президент қарамағана өтеді.   

Жалақысы 60 мың теңгеден төмен азаматтар - кедейлер

2015 жылдан бастап Қазақстан еркін айналымға өтіп, доллардың құны екі есеге дейін асып кетті. Шынайы статистика жасалса, кедейлер санының артқанын көреміз. Әлемдегі БҰҰ кедейшілік шегін 5,5 доллар табатындар кедей боп есептеледі. Осылай есептейтін болсақ, 60 мың теңгеден аз жалақы алатын азаматтарды кедей азаматтар деп танимыз. Кедейлердің саны алдағы уақытта  2 миллионға жетуі ғажап емес. Долларға шаққан кезде бәрібір халықтың кедей екенін көріп отырамыз. 

Біз әлі де кедей елдердің қатарындамыз

"Расымен, Қазақстан әлі де кедей мемлекет болып саналады. Әлемдік стандарттар бойынша жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 10 000 доллардан төмен болса, мемлекет  кедей боп есептеледі. Жалақсы орта есеппен 10-20 мың доллар болса, мемлекет орташа, ал 20 мың доллардан асса, бай елдердің қатарына кіреді.            

Қазақстанда былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 10 мың долларға жеткен жоқ. Біз әлі де кедей мемлекет болып саналамыз. Өткен жылы бір доллар - 400 теңгеге жетпеген еді. Осы факторларды есептегенде бізде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 10 000 долларға жетпейді. Осы тұрғыдан келген кезде Қазақстанды кедей ел деп тануға негіз болады.

Мұның бәрін елесек, біз қалай өзге елдерге көмектеспекбіз? Бұл - үлкен сұрақ. Алдағы 1-2 жылда ЖІӨ 10 000 доллардан асып жығылады, сол кезде басқа мемлекеттерге көмектесу туралы ойлануға болады.

Доллар өсуін жалғастырса, 10 000 доллар шегіне жете алмай жүре береміз. 2013 жылы ЖІӨ 13 000 долларға жеткен, сол кезде біз дамыған 50-елдің қатарына кірдік. Сол уақыттан бастап Қазақстан әлемдік стандарттарға сәйкес БҰҰ өзара келісілген ережесі бойынша бай елдер кедей елдерге қолғабыс көрсетулері тиіс. Қазақстан табысы орташа ел болғандықтан, біз де міндеттелдік. Сол жылдардан бастап Ауған елінен оқушыларды тегін оқытуға алдық. Қырғызстан мемлекетіне инвестиция құямыз деп келістік. Бірақ одан кейін Қазақстанның жағдайы нашарлап кетті.       

Мақсат Халық Қазақстанда “KazAID” халықаралық агенттігі құрылуының бір сыры бар екенін айтады. Бұл елдің мойнына алған міндеті, дейді ол.

"Мұның бәрі бекер емес, біз әлемдік қауымдастықта кедей мемлекеттерге көмектесеміз деген міндет алғандықтан болып отыр. 2016 жылдан бері біздің ЖІӨ 7000 долларға дейін қатты құлады. Содан бері ақырын-ақырын өссе де, 10 000 долларға жеткен жоқ. Осы жағынан алғанда Қазақстан әлі де кедей ел деп танылуы керек. Осылай танылатын болсақ және кедей халықтың нақты санын көрсететін болсақ, әлем де бізге реніш танытпайды", - дейді экономист.          

Қазақстандағы кедейлікке әкелетін негізгі себептерге экономист мына нәрселерді жатқызады:  

  • доллардың күрт өсімі;
  • үкіметтің соңғы жылдарда әлеуметтік салаға бей-жай қарауы;

"2015 жылдан бастап теңге қатты құнсызданды, халықтың табысы өскен жоқ, осы жағынан келгенде халық кедейлікке ұшырай бастады. Бұған қоса, 2016-2017 жылғы жүйелік дағдарыс әсерін тигізді. Одан шыға бастаған соң, 2019 жылы коронадағдарыс қосылды. Төтенше жағдай режимі, көп азаматтың үйде отыруы, карантин кезіндегі шектеулер бизнеске нашар ықпал етті. Көп адам жұмыссыз қалып отырған жағдайы бар. Мұны біз өз көзімізбен көріп отырмыз.          

Сондықтан да мемлекет қазіргі уақытта жұмыс орындарын ашып, халықтың табысын арттыруға ден қою керек. Халықтың табысы өспесе, кедейлене береді.

Орташа табысымыз 200 000 тг деген мәлімет бар, бұл атаулы табыс, бірақ халықтың нақты табысы күнкөрісіне жетпейді.           

Үлкен жолдарды жөндеу  - жұмыссыз қалған азаматтарды жұмысқа тартудың жолы. Мұғалімдер, дәрігерлердің табысын арттырса, жеке сектор да қарап қалмайды. Осы процесс қазіргі таңда өте қажет", - дейді экономист.

"Елдің кедей болуына кедергісін келтіретін тағы бір фактор  - елдегі институционалдық жүйе, институттардың саны. Егер де азаматтар өз құқықтарын қорғай алса, ойын ашық білдіре алса, интеллектуалдық қоғамдар болса, елдің экономикасы мықты болады, ақшаны талан-таражға ұшырату, бопсалау болмайды.  

Қандай бар мемлекетте капиталистер не монополистер үстемдік құраса, нарықта бәсекелестік болмаса, экономиканың заңдарына сәйкес, экономика алдыға жылжымайды", - деп қосты Мақсат Халық.         

Айтуынша, экономика нарығында мемлекеттің үлес салмағы өте үлкен: ірі компаниялардың үлесі 50%, орта компанияларікі - 56%. Экономиканың заңы бойынша, мемлекеттің үлесі асып кетсе, ол үлкен тежегіш күшке айналады, экономиканың өсуіне кедергі болады.          

"Жақында президент жолдауында монополияға қарсы жұмыс істейтін Бәсекеге қабілетті, агенттік құруды тапсырды және оны тікелей өзіне бағынатынын айтты. Елімізде монополияның көзі жойылса, жеке меншік сектор дамыса, елде бәсеке болады, сола арқылы сапаның маңызы алдыға шығады, осы арқылы өмір сүру деңгейі көтеріледі, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады, кейін бай елдердің қатарына қосылуға алып келеді.

Халықтың өзінің адами капитал, сана-сезім дәрежесінде дайын болуы өте маңызды. Елдегі бейресми құрылған мемлекеттік емес ұйымдар қызметінің жоғары дәрежеде болуы,  сапалы білім, азаматтардың денсаулығын мықты болуы, демографияның өсуі, өмір жасының өсу. Осы факторлар дұрыс жолға қойылған кезде еліміз кедейшілік шегінен өтіп, табысы орташа елдер қатарына қадам басады", - дейді экономист.

 

 

Дайындаған: Назерке МҰСА

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр