Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы әлем чемпионатына хиджабсыз қатысқан ирандық шахматшыны қорқытқан: Қазақстандық полицейлер қызды күзетті

Ирандық шахматшы Сара Хадемді бопсалап, белгісіз біреулер бірнеше рет қоңырау шалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі El País газетіне сілтеме жасап.

иран шахматшысы

Алматыда рапид пен блиц бойынша әлем чемпионатына хиджабсыз қатысқан ирандық шахматшы өзінің иммиграциясы туралы ақпаратты растап, бір күні Иранға оралуға ниетті екенін айтты.

Бұған дейін Сара Хадем мен оның отбасы Испанияға тұруға шешім қабылдағаны жазылды. 

"Мен босқын емеспін. Иммиграция – бұл саяси емес, отбасылық шешім. Иран – әлі күнге дейін біздің алғашқы үйіміз және бір күні Отанымызға ораламыз", – деп жазды Хадем.

Ол Алматыда өткен әлем чемпионатына Иранның есебінен емес, өз есебінен қатысқаны туралы ақпаратты растады.

"Мен сегіз жасымнан бері шахмат турнирлеріне әкемнің ақшасы мен жарыста жеңіп алған жүлдемнің арқасында қатысып келемін. Шетелдік жаттықтырушылардың шығынын да өзім төледім", – деді шахматшы.

Иранның шахмат федерациясының басшысы Хасан Тамини бұған дейін Алматыда рапид пен блицтен әлем чемпионатында Сара Хадемнің Ислам Республикасының атынан шықпағанын мәлімдеді.

2023 жылдың 3 қаңтарында Сара Хадем Испанияға келді.

Алматыда болған кезде Хадемге бірнеше телефон қоңыраулары түсіп, оны қорқытқан. Тіпті  турнир аяқталғаннан кейін үйге оралмауын айтып, сақтандырғандар да болды. Ал кейбірі оның "мәселесін шешуге" уәде беріп, қайтып келуін өтінген. Сонымен қатар, Хадемнің Ирандағы туыстары мен ата-аналарына да қауіп төнді.

Осы жағдайдан соң Қазақстан полициясы шахматшының қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы шешім қабылдап, қонақүй бөлмесін төрт адам күзетті.

Талқылау