Қазақстанда картоп бағасы шарықтады
Қазақстанның бірқатар өңірлерінде картоп бағасының күрт көтерілуі аясында үкімет алты айға көкөністі үшінші елдерге экспортты шектеу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктері елдегі картоп нарығындағы қалыптасқан жағдайды тұрақты бақылап отыр.
"Көрші елдердің, әсіресе Өзбекстанның сұранысының артуына және экспорттық бағаның жоғары болуына байланысты биыл картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өсті. Қарқынды сұраныс ішкі нарыққа өз әсерін тигізді. Өткен аптада экспортқа бағытталған тауар өндірушілердің бағасы 170 теңгеден 270 теңгеге дейін күрт өсті”, – деп хабарлады үкімет.
Ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында 18 қаңтарда өткен сауда қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында үшінші елдерге картоп экспортын 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды.
"Бұл шара ЕАЭО елдеріне қатысты емес, бірақ осы бағыттағы экспорт қадағаланады. Сонымен бірге қалыптасқан жағдайды ескере отырып, 16 қаңтарда экспортқа фитосанитарлық сертификаттарды беру толығымен тоқтатылды", – деп түсіндірді үкімет.
Қабылданған шаралар картоп бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және нарық субъектілері тарапынан алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеуге бағытталғаны атап өтілді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, резервтер 2025 жылдың ерте өніміне дейін ішкі сұранысты толығымен жабуға жеткілікті. 19 қаңтардағы жағдай бойынша 850 мың тоннадан астам (картоп өсірушілер қауымдастығында 600 мың тонна, тұрақтандыру қорларында 68 мың тонна, жеке шаруашылықтар мен шағын шаруашылықтардағы жертөлелерде 200 мың тоннадан астам) қор бар.
Айта кетейік, 2024 жылы картоптың жалпы түсімі – 2,9 млн тонна, 2024 жылға импорт 56 мың тонна.
Ақтөбеде қаңтардың басында келісінің бағасы 200 теңгеден аспайды. Соңғы аптада баға екі есеге өсті. Супермаркеттер келісін 388 теңгеден сұрап жатқан еді.
Картоп өсіретін өңір деп саналатын Жетісу өңірінде бұл өнімнің бағасы 400 теңгеден асып кеткен. Бірақ оның сапасы Ақтөбедегі сөреде тұрған картопқа қарағанда әлдеқайда жақсы.
Павлодарда базарда үйде өсірілген картоптың келісін 400 теңгеден сұрап жатыр. Жергілікті дүкендерде келісі 320 теңгеден сатылып жатыр. Павлодардың іргесіндегі аудандарда картоп 350 теңге тұрады.
Қызылорда, Павлодарда картоптың келісі 360 теңгеден сатылады. Әлеуметтік дүкендерде жергілікті өнім 135 теңге тұрады. Шығыс Қазақстан облысында картоптың келісінің бағасы 446 теңгеге жетіп отыр.
Ең қымбат картоп Астанада. Картоптың келісі дүкендерде 455 теңгеден сатылады.