Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда орташа зейнетақы мөлшері 132 мың теңгеден асты

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылы орташа зейнетақы мөлшері 132 595 теңге екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері республикалық бюджеттен 926,5 миллиард теңге сомасына зейнетақы төленді. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге 291,4 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 635,1 миллиард теңге қарастырылды.

“2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 364 мың адам. 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері – 132 595 теңге. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 901 теңге, базалық зейнетақы – 42 694 теңге”, – делінген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілі ескеріле отырып, әр алушыға жеке тағайындалады. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

“Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-ына тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 % артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 85%-ына тең болады. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 105% белгіленеді”, – делінген хабарламада.

Егер бір айда міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айға тең.

Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда зейнетақы 4 жылда 1 доллар ғана өскені туралы жазған едік. Ал Қазақстанда орташа жалақы осы уақыт арасында 472 доллардан 673 долларға дейін көтеріліпті. 

Талқылау