Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Уақыт белдеуі ауысқаннан кейін түнгі ауысымда істеген қызметкерге қосымша ақы төленеді

2024 жылдың 1 наурызынан бастап елімізде бірыңғай уақыт болады. Уақыттың ауысуына байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушінің қызметкерге түнгі уақытта жұмыс істегені үшін еңбекақы төлеу керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қызметкердің жұмыс істеген және істемеген уақыты есепке алынады. Оның түнгі уақыттағы жұмысы, демалысы, мереке күндері, іссапар күндері және үстеме жұмыс уақыты бөлек ескеріледі. Қызмет еткен уақытының есебін жүргізу нысаны мен тәртібі жұмыс берушінің актісімен айқындалады.

Еңбек кодексінің 110-бабына сәйкес, түнгі уақыттағы жұмыстың әр сағаты еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сай жоғары мөлшерде, бірақ қызметкердің күндізгі (сағаттық) мөлшерлемесіне сүйене отырып, бір жарым мөлшерден төмен емес мөлшерде төленеді.

“Кодекстің 103-бабының 1-тармағына сәйкес қызметкерге жұмыс берушінің жұмыс уақытын есепке алу жөніндегі құжаттарында ескерілген нақты жұмыс істеген уақыты үшін жалақы төленеді.



Кодекстің 110-бабына сәйкес уақыт ауысқаннан кейін қызметкердің түнгі уақытта жұмыс істегені үшін жоғары мөлшерде ақы төленуі керек деп есептейміз", – делінген министрлік хабарламасында.

Бұдан бөлек, келісімдерде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде айқындалған еңбекақы төлеу шарттары осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген шарттармен салыстырғанда бірыңғай болуы қажет.

"Егер қызметкер жұмыс істеген уақыт айына жұмыс сағатының нормасынан (40 сағат) асып кетсе, онда жұмыс беруші ҚР Еңбек кодексінің 77-бабына сәйкес үстеме жұмыс сағаттарын бір жарым мөлшерде төлеуге тиіс", – деді министрліктің баспасөз қызметі.

Еске салайық, 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнатылады. Осылайша, Қазақстанның бүкіл аумағына 5-уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылады.

Талқылау