"Діни неке қиюға тыйым салу қажет": Қоғам белсенділері петиция жариялады
Дінтанушы Тұрарбек Құсайынов Қазақстанда "діни неке қиюға" тыйым салуға шақырып, петиция жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: әлеуметтік желіден
Дінтанушының айтуынша, "шариғи неке қию" Қазақстанның "Неке және отбасы туралы" кодексіне қайшы және имамдардың неке қиюға құқықтары жоқ.
“Біріншіден, "шариғи неке қию" ҚР "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодексіне қайшы. Кодексте "тек мемлекеттік органдар қиған неке (ерлі-зайыптылық) заңды болып танылатыны, яғни діни рәсімдік неке қию заңсыз екені жазылған. Екіншіден, ҚМДБ жарғысында "шариғи неке қию" деген сөз жоқ. Демек, имамдардың неке қиюына да қақы жоқ”, – делінген жазбада.
Тұрарбек Құсайыновтың айтуынша, ҚМДБ-ның "шариғи неке" жөнінде діни шешім шығаруына, оны насихаттауына тыйым салатын заң қабылдау күн тәртібінде тұр.
Мешітте берілетін неке куәлігі құжат емес, естелік қана – Нұрлан имам
“Шариғи некеде еркектердің ешбір жауапкершілігі жоқ. "Шариғи некедегі" әйеліне "талақ" айтқан еркек кей кезде туған баласына фамилиясын бермей бұлталаңға салады. Мұндай жағдайда баланың әкесі кім екенін дәлелдеу үшін "талақ" болған әйел ДНК сараптамасын жасап, көп әуреге түседі. Нақтырақ айтсақ, "шариғи некемен" үйленіп, кейін ажырасқан әйелдің баласы үшін алимент алуы да қиын, ортақ жиналған дүние-мүліктен үлес ала алмай аңырап қалған қаншама әйел жүр, қаншама бала "тірі жетім" атанып, күнкөріссіз қалды”, – дейді дінтанушы.
Тұрарбек Құсайынов Қазақстанда имамдардың "шариғи неке қиюына" заң жүзінде тыйым салу бастамасын қолдауға және петицияға қол қоюға” шақырды. Дінтанушы петицияға жеткілікті қол жиналған жағдайда, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тікелей жолдайтынын атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Құран аудармашысының Қазақстандағы тоқал алу туралы мәселесі туралы жасаған мәлімдемесін жариялаған едік.