Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда құлдыққа түскендерге бюджет есебінен қандай көмек көрсетіледі

Ішкі істер министрлігі Қазақстанда бюджет қаражаты есебінен құлдыққа түскендерге қандай көмек көрсетілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жәбірленушілерге қылмыстық іс қозғалғанына қарамастан, әлеуметтік, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени-экономикалық және заңгерлік қызметтердің 8 түрі көрсетілетіні айтылды.

"Адам саудасының құрбандарына мемлекеттік бюджет есебінен көмек көрсетіледі. Бұл нормалар Қазақстан азаматтарына, шетелдіктер мен азаматтығы жоқтарға қатысты", – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Адам саудасына қарсы күрес және қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау басқармасының бастығы Самат Күсетов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер департаменті директорының орынбасары Гауһар Қалмақова Әлеуметтік кодекс аясында жаңа стандарттар қабылданғанын айтты.

"Стандарттар, біріншіден, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің сапасын, көлемін және шарттарын анықтайды. Сонымен қатар жаңа стандарттар арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін барлық мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл механизмін айқындайды.

Бізде 6 айға дейін қызмет көрсету мерзімі бар. Қажет болған жағдайда мерзімдер ұзартылуы мүмкін. Былтырдан бастап шетел азаматтарын қабылдай бастадық. Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 15 шетелдікке арнаулы әлеуметтік қызмет көрсеттік", – деді Қалмақова.

Талқылау