Қазақстанда алғаш рет жаңа туған нәрестенің асқазан жолдарындағы туа біткен ісіктерін алып тастау бойынша күрделі операция жасалды
Қазақстанда алғаш рет жаңа туған сәбиге бір мезетте туа біткен бірнеше кистозды ісіктерді алып тастау бойынша күрделі операция жасалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының баспасөз қызметі
Бұл туралы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының баспасөз қызметі хабарлады.Дерекке сүйенсек, операция 4 сағаттан аса уақытқа созылған. Осылайша білікті мамандар нәрестені өлім аузынан аман алып қалған.
Дәрігерлер жаңа туған сәбиде өңеш пен асқазан-ішек жолдарының екі еселенуі өте сирек кездесетін жағдай екенін айтуда. Өңештен дамып қосарланған үлкен киста, бүкіл сол жақ кеуде қуысында орналасып, сол жақ өкпенің қысылуына және нәрестенің туылғаннан бастап тыныс алу жеткіліксіздігіне әкеледі. Осы жолы тура сондай болған. Сондай-ақ, сәбидің іш қуысында кистозды үлкен ісіктер (түзілімдер) болды. Соның салдарынан баланың іші ұлғайып, іш қуысында қысымның жоғарылауын тудырған. Ол өз кезегінде ішектің жұмысы мен нәжістің шығуының бұзылыстарына әкелді.
Фото: Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының баспасөз қызметі
Дүниеге келгеніне екі күн болған нәресте Талғар қаласы аудандық перезентханасынан ауыр жағдайда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына әкелінді. Баладағы туа біткен ақау ана құрсағында ультрадыбыстық зерттеу арқылы анықталған. Бес күн ішінде нәрестенің жағдайын қалпына келтіру шаралары жүргізілді. Баланың өміріне қауіп төнгендіктен операция шұғыл түрде жасалды. Жаңа туған нәрестеге бір мезетте екі операция жасауға тура келген.
Осылайша операциядан кейінгі 17-ші күні Даниал есімді кішкентай пациент үйіне аман-есен шығарылып отыр.