"Қайтыс болған қызға арналған": Kalifarniya "Аспан" әнінің шығу тарихын айтып берді
Танымал хитмен, әнші Kalifarniya кең таралған “Аспан” әнінің шығу тарихын “Taboo” бағдарламасында баяндады.
Фото: Бағдарламадан скриншот
Өнер иесінің жастар арасында кең таралған “Аспан” әні 16 миллион қаралым жинап, аз уақытта рекорд жаңартқан еді.
“Мен енді көтеріліп жатқан кезім еді. Танымал бола бастадым. Әртүрлі қалаға қыдырасың. Сондай сапардың бірінде Атырау қаласына жол түсті. Ол жақтан достарым күтіп алды. Өнерде жүргесін айналаң да сондай өнерге жақын адамдар болады. Драма театрдың әртістерімен көңіл көтеріп, жақын таныстым. Студияларында ән жаздым. Бір айдай қонақ болған шығармын. Бәрімен қоштасып, Ақтөбеге қайтып келдім. Екі күннен кейін, досым хабарласып, бір қыздың қайтыс болғанын айтты. Ол қыз мен танысқан қыздардың арасында болған еді. Жігітімен 6 жыл жүріп, ата-анасымен танысуға бара жатқанда жол апатына түскен. Өте қиын жағдай. Бір үйдің жалғыз ұлы мен қызы еді”, – деп бастады әңгімесін әнші.
Одан кейін сүйіктісінен айырылған досы өзі хабарласып, сүйіктісінің түсіне кіріп жүргенін айтып, ән жазуды ұсынған.
“Бір күні қайғыдан қан жұтқан досым хабарласты. “Әсел мені шақырып жатыр. Кеткім келеді артынан. Тоңып жүрмін деп айтты” деді. Мен оның көңілін ауламақ болып, жаман ойлама деп айттым. Артыңдағы анаң мен қарындастарыңды ойла дедім. Сол кезде “онда өзім ғана тыңдайтын ән жазшы” деді. Осылай “Аспан” әні дүниеге келді. Қайғыдан туған ән”, – деді әнші.
Еске салайық, Kalifarniya әнін бермегені үшін Дариға Бадықованың жалған сөйлегенін мәлімдеген еді.