Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынды
5 шілдеде Астананың әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қайрат Нұртасқа қатысты істі онлайн режимде қарады. Судья әншіні 15 тәулікке қамау туралы қаулы шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот / Әнші Қайрат Нұртас пен жәбірленуші Асылбек Бекқайыров
Қайрат Нұртас судьядан алдағы күндері гастрольдік сапары бар екенін айтып, қамауға алудың орнына әкімшілік айыппұл салуды сұрады. Алайда прокурор Қайрат Нұртасты ұшақтағы оқиға үшін 15 тәулікке қамауға алуды талап етті.
Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қайрат Нұртасқа қатысты қаулы шығарып, ол 15 тәулікке қамауға алынды.
Жоғарғы соттың мәліметінше, 2024 жылғы 5 шілдеде Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қ.А-ға қатысты әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылда қайталап жасалған ұсақ бұзақылық (ӘҚБтК-нің 434-бабының 2-бөлігі) және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабының 1-бөлігі) фактілері бойынша әкімшілік істі қарады.
Судья хабарлағандай, Қ.А ұшақ бортында сөзге келіп қалып, жанжал кезінде Б-ның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірген. Бұдан бөлек, төбелес кезінде ол әдепсіз сөздер айтқан. Ол өз әрекетімен сыйламаушылық танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
“ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігінің санкциясы 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу түріндегі жауапкершілікті қарастырады. 434-баптың 2-бөлігінің санкциясы 15-тен 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жауапкершілікті көздейді. Соттың қаулысымен Қайрат Айдарбеков ӘҚБтК-нің 434-бабының 2-бөлігімен және 73-1-бабының 1-бөлігімен көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігімен тараптардың татуласуына байланысты іс қысқартылды. 434-баптың 2-бөлігі бойынша құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылда қайтадан жасалғандықтан, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды”, – делінген Жоғарғы соттың хабарламасында.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Сотта Қайрат Нұртас пен Асылбек Бекқайыровтың арасындағы ұшақтағы төбелестің мән-жайы анықталды. Әртіс өз кінәсін мойындады. Дегенмен төбелесті өзі бастамағанын айтып ақталды. Жәбірленушінің айтуынша, олар татуласқан және әншіге мүлдем шағымы жоқ екен.
"Сот барысында тараптар татуласқандықтан, іс тоқтатылды. Қайрат Айдарбеков ұшақ ішінде басқа жолаушылардың барын біліп, соған қарамастан, жаншал шығарған. Яғни, қоғамдық тәртіпті, жеке тұлғалардың тыныштығын бұзған. Бұзақылық бір жылда қайтадан қайталанып отыр. Бұрын да айыпталған еді", – деді судья.
Павлодарлық телеграм арналары Ақсуда 13 шілде – Металлургтер күніне орай жоспарланған концерт өтпейтінін хабарлап жатыр. Концерт негізі 19 шілдеде өтуі керек еді. Бұдан бөлек 7 шілдеде Қайрат Нұртас Астанада концерт беруі керек еді. Мұнда да күтпеген жерден бас тартылып, кейінге шегерілді. Ұйымдастырушылар себебін айтқан жоқ.
Сонымен қатар Қайрат Нұртасқа қатысты іс бойынша екі жақтың татуласына байланысты іс жүргізу тоқтатылды.
Еске салайық, бұған дейін отандық шоу-бизнес өкілі, әнші Қайрат Нұртастың басы дауға қалғанын жаздық. Көліктегі полиция департаменті қазақстандық эстрада жұлдызы ұшақта бұзақылық жасап, үстінен іс қозғалғанын мәлімдеді. Сот процесіне әншінің ресми өкілі ретінде анасы Гүлзира Айдарбекова мен інісі Аян Нұртас қатысып, сұрақ қойып отырды.
Сонымен қатар Қайрат Айдарбеков МАӘС-тың 2024 жылғы 27 сәуір қаулысымен ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.