Алмалы сауда үйі мен фитнес-желісі: Қайрат Боранбаевтың тағы да құны 34 миллиардқа жуық мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылды
Қайрат Боранбаев мемлекет меншігіне сауда ойын-сауық кешенін, жылжымайтын мүлікті басқару компаниясын және фитнес клубтар желісін қайтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша иемлекет меншігіне қайтарылған нысандар Астана, Алматы және Қостанай қалаларында орналасқан. Бұл нысандардың барлығын қолданыстағы заңнамаға сәйкес демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастыра отырып, әлеуметтік мақсаттарға пайдалану жоспарлануда
"Мемлекет кірісіне жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісі өтті. Атап айтқанда, оңтүстік мегаполистің орталығында орналасқан "Алмалы" сауда орталығының ғимараты мен жалға беру және мүлікті басқарумен айналысатын "Unity Hall" ЖШС. Almaty Towers бизнес орталығында орналасқан нысанның ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Сондай-ақ, "Fitnation" фитнес-клубтар желісі де мемлекет меншігіне өтті", - делінген Қаржылық мониторинг агенттігі хабарламасында.
Активтерді қайтару жұмыстары әлі де жалғасуда.
Айта кетейік, бұған дейін Қайрат Боранбаевтың "ҚазТрансГаз" АҚ-ның ақшасын жымқырғаны үшін 6 жылға сотталғаны туралы жазған болатынбыз.
Қайрат Боранбаевтың компаниялары шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды. Сондай-ақ оның компаниялары мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 миллиард теңгеден асатын "Comfort Hotel Astana" қонақүй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берген болатын және оған тиесілі Phystech II мұнай компаниясы мемлекет меншігіне өтті.