Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлері аумағында әуежай, әуе бекеттерін салу керек – Президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына қатысты жолдауында ішкі әуе бағдарларын дамытуға айрықша назар аударған жөн екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ru.wikipedia.org
"Әуе хабтарын дамыту – өте маңызды міндет. Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады. Алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуға болады. Әуежайларымыздың жүк тасымалдау мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды жасау керек", – деді президент.
Президент ішкі әуе бағдарларын дамытуға айрықша назар аударған жөн екенін айтты.
"Бұл, әсіресе, негізгі туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды. Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылды. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек. Өнеркәсіпті дамыту қорының есебінен кіші авиация ұшақтарын алған жөн", – деді ел басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев туризм жобаларын жүзеге асырғанда табиғатқа зиян келтірмей, экологияны сақтау барынша маңызды екенін ерекше атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда Бурабай курорттық аймағында демалу құны 15% көтерілгенін жазған едік. Бағасына қарамастан көрікті мекенге жыл сайын 1 миллионнан астам турист келеді. Осыған орай депутаттар Бурабайдағы бизнеске дереу тексеріс жүргізуді ұсынды.