Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кішкентай балалардың көретіні жаныма батады": Желіні шулатқан "Қарапайым Қайраттың" актері сериал жайлы ойын айтты

Қазақстандық продюсерлер Youtube желісіне арнап сериал түсіру трендін іліп алып кетті. Түрлі жанрда жарық көріп жатқан сериалдардың саны көп. Солардың көш басында "Қарапайым Қайрат" атымен танылған сериал тұр. Ауылдың қарапайым тұрғынының өмірін суреттейтін бұл сериалда тұрпайы, анайы сөздер көп болса да, көрермендер көңіліне жол тапқан. Сериалдың әр саны миллионнан аса қаралым жинайды. Stan.kz тілшісі сериал актерімен тілдесіп, "Қарапайым Қайраттың" танымалдылығының сыры неде деген тақырып төңірігенде әңгіме тарқатты.  

Қайрат

"Қарапайым Қайрат" топтамасының әр сериясы Youtube желісіне шыққан күні-ақ  миллион көрілім жинайды. Осыған байланысты сериалда Жеңіс рөлін сомдаушы Рауан Рамазанұлы "Қарапайым Қайратты" көрермен не үшін көретінін, миллиондап көрілім жинауының құпияларын айтты. 

"Біз сериалымызды өте қарапайым етіп түсірдік. Сюжет өмірден алынған. Сол себепті көрермендеріміз үзбей көреді деп ойлаймын", - дейді ол.

Бұл сериалды түсіру идеясы қайдан келді және неліктен дәл осындай форматты таңдадыңыздар деп сұрағанымызда: 

"Сериалдың идеясы өмірден алынған. Сондай-ақ, бұл форматта Қазақстанда әлі ешкім түсірген жоқ. Сол үшін біз қорықпай қолға алдық. Көбі түсіруге қорқады. Ал біз тәуекелге бардық, халық жақсы қабылдады", - деген ол осы сериалдың арқасында біраз танымалдылыққа ие болғанын жасырмайды.  

Сериалда өте көп былапыт сөздер мен анайы қылықтар бар. Осыған байланысты жоғарыдан ешқандай қысым болмайтынын айтып қалды. 

"Көбі қысым болады деп ойлайды. Жоғарыдын әсер немесе қысым болмады. Жүрген жерімізде, керісінше, көріп қалса жарайсыңдар деп жатады", - дейді ол. 

Көрермен алғаш көргенде бұл сериалдың айтар ойы қандай деп дал болады. Актердің өзінен сұрағанымызда: 

"Сериалдағы Қайраттың досы ретінде бұл сұраққа былай жауап беремін. Сериалға қарап бізге ұқсайтын адамдар өздерін сырт жақтан көрсе екен дейміз. Былапыт сөз айтып, ішімдік ішкеннің ерсі екенін айтқымыз келеді. Біздің сериал дамып келе жатыр. Болашақта Қайрат ішімдікті тастайды, жұмысқа тұрады. Айтары -  біз сияқты болмаңдар, мұндай нәрсені қайталамаңыздар", - дейді актер.

Ауыл тұрмысын барынша ашып көрсеткен сериалда қазақты кемсітіп тұрғандай тұстары бар. Көрермендер тарапынан осыған қатысты сын бар ма деген сауалымызға: 

"Жоқ, бірде-бір рет болған жоқ. Керісінше, өте танымалмыз. Көшеде көрген адамдардың барлығы бірден суретке түскісі келеді. Келесі сериясы қашан шығады деп сұрап жатады. Сендерді бүкіл ауыл болып көреміз деп қуанып жатады", - деп жауап берді. 

Сериалға түсетін актерлер танымалдығына және үнемі хайп қуалайтын актерлер алынатынын айтады. 

"Негізі актерлерді таңдау туралы сұраққа продюсер жауап береді.  Айта кететіні, біз сериалға танымал, хайп көп жинаған адамды аламыз. Өйткені хайпта жүрген адамды алсаң, рейтинг жоғарылап, қаралым көбейеді", - дейді.

Жақында ғана екінші маусымның түсірілім жұмыстарын аяқтаған олар келесі маусым туралы да пікір білдірді. 

"Жақында екінші маусымның түсірілім жұмыстарын бітірдік. Қазір біздің Youtube арнамызда миллионға жуық көрермен бар. Мұндай әлі елімізде тіркелген жоқ. Енді көрілімдер ары қарай миллионнан асатын болса, үшінші маусымды түсіреміз", - дейді ол. 

Айта кетсек, сериал көрермендерінің жасына 18+ шектеуі қойылған, бірақ кішкентай балалар да көретіні жасырын емес. Бұған қатысты Рауан:

"Өкінішке орай, бізді кішкентай балалар да көреді. Бұл менің жаныма батады. Көшеде келе жатқанда "келесі серия қашан шығады" деп сұрап жатады. "Сендерге көруге болмайды, кішкентайсың ғой, көрмеңдер" деп ұрысқандай болып айтамыз. Айтқанмен пайда жоқ, бәрібір көреді. Баланы тыю ата-ана еншісінде деп ойлаймын. Баласының не көріп, қайда барып жүргенін қадағалайтынын болса, бәрі орнымен деп ойлаймын. Егер ол біздің сериалды көріп жүрсе, онда тағы не көріп жүргені белгісіз. Өз тарапымынан айтатыным, балаларыңызға бақылау жасаңыздар", - деп жауап берді. 

 

Талқылау