Қарағандыда жабылып қалған колледж талапкерлерді қабылдаған
Қарағанды облысында көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледж төңірегінде жанжал туындауда. Мекеме білім беру лицензиясынан 30 маусымда айырылған. Алайда ата-аналар мен студенттерге бұл ақпарат айтылмаған. Тіпті грантқа құжаттарды қабылдап қойған оқу орынына тұрғындар наразылық танытуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
“Олар 30 маусымдағы шешім туралы алдын ала білген. Бірақ бізге хабрламады. Біз өзіміз инстаграм желісі арқылы білдік”, – дейді колледж студентінің анасы Гүлнар Игенбердинова.
Көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжде 800 студент білім алған. Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің тексеруі мекеме тек диплом берумен айналысқанын, бірақ сапалы білім бермейтінін анықтады. Ақпан айында оқу орны тексерістер жүргізіліп, мамыр айында әкімшілік сот оқу орнын білім беру лицензиясынан айыру туралы шешім шығарған. 30 маусымда шешім күшіне енсе де, студенттерге бұл туралы хабарланбаған.
“Енді не істейтінімізді білмеймін. Бізде қала бойынша бұндай мамандықты оқытатын жер жоқ. Павлодарға барғымыз келеді. Алайда уақыттан да кешігіп жатырмыз. Құжат тапсырудың да мерзімі бар ғой”, – деді талапкердің анасы Айгүл Ағитова.
Білім және ғылым министрлігі білім деңгейі төмен мекемелерді мұқият тексеріп келеді. Қазірдің өзінде 20-ға жуық ЖОО мен 60 колледж жабылған. Қарағанды облысының білім басқармасында студенттерге гранттары сақтала отырып, оларды сол мамандықтарға басқа колледждерге ауыстыруға уәде берілді. Бірақ, ата-аналардың айтуынша, көптеген колледждерде ауысуға болатын топтарда студенттер саны толып қалған. Мамандар қабылдау туралы бұйрықтардың тек тамыз айында жасалатынына сендіруде.
“Біз білім басқармасымен бірлесіп, дәл осындай мамандықтары бар колледждерді таңдаймыз және әрбір студентпен және ата-аналармен оларды өздері ұйымдастыратын колледждерге ауыстыру, білім беру қызметін одан әрі жалғастыру үшін жұмыстар жүргізетін боламыз”, – деді Қарағанды облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің бөлім басшысы Ролан Жақпаев.