Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызметінен босатылуы мүмкін: Қарағандыда 500 адамға той жасаған шенеуніктің басы дауға қалды

Қарағанды облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Қалел Мақсұтов мейрамханалардың бірінде 500 адамға той жасаған. Ақпарат әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қарағанды облысы әкімдігі бұл фактіні растады, шенеунік жазаланатынын атап өтті.

"Мемлекеттік қызметкерге қатысты арнайы тексеріс тағайындалады, карантиндік шектеулерді бұзу фактісі расталған жағдайда қызметінен босатуға дейін, ең қатаң шаралар қабылданады", – деді өңір әкімінің баспасөз хатшысы Марина Шаповалова.

Ол салтанатты шара санитарлық нормалардың бұзылуына байланысты тоқтатылғанын, ұйымдастырушыларға әкімшілік айыппұл салынатынын айтты.

Қарағанды облыстық полициясы "Ариста" мейрамханасында болған жағдайға қатысты түсініктеме берді. 

"Полицейлер карантин шарасын бұзып, адам көп жиналған мейрамхананы қоршауға алды. 7 тамыз күні 109 нөміріне мейрамхана маңында көлік пен адам көп жиналғаны туралы хабар түсті. Ол жерге полиция, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және Қарағанды әкімдігі өкілдерінен құралған жедел топ жетті. Болған жағдай тексеріліп жатыр", - деді өңірлік полиция департаменті.

Мекеме маңында адам мен көлік тым көп болғандықтан, полицияның қосымша жасағы шақырылды. Бұған дейін әлеуметтік желіде полицейлер мейрамхана ішіндегі шенеуніктерді қорғап, күзету үшін тұр деген ақпарат тараған болатын.

"Полиция қызметкерлері мейрамхананың кіші залында сүндет той өткенін анықтады. 38 жастағы ер адам ұйымдастырған жиынға 40-қа жуық адам келген. Ал үлкен залда 57 жастағы тұрғын 350 адамға арналған отырыс жасады", - деп толықтырды полицияда.

Факті бойынша әкімшілік іс қозғалды. Олар санитарлық-эпидемиологиялық қызметке қарауға жіберілді.

Талқылау