Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Олигарх Клебанов пен Каннан Петропавл жылу электр орталығын тартып алмақ

Жылу электр станциясыФото: Petropavlovsk.news

Олигархтар Александр Клебанов пен Сергей Кан Петропавлдың тозған жылу желілерін мемлекетке беруді жоспарлап отыр. Қала әкімдігі келіссөздердің жүріп жатқанын растады, ал мәміленің шарттары мен құны әзірге жарияланбаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Petropavlovsk.news порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазір "Петропавл жылу желілері" АҚ "Севказэнерго" компаниясына тиесілі, ал ол өз кезегінде "Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы" ("ЦАЭК") акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны. "ЦАЭК"-тің бақылау пакеті "Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы" ("ЦАТЭК") акционерлік қоғамына тиесілі. "ЦАТЭК"-тің 50%-ы және "ЦАЭК"-тің 47,10%-ы кәсіпкер Александр Клебановқа қарайды. 

Дәл осы ол "Севказэнерго" мен Петропавлдың №2 жылу электр орталығына (ЖЭО-2) қатысты басқа да кәсіпорындардың болашағына байланысты негізгі шешімдерді қабылдайды.

"ЦАЭК"-тің ашық есебіне сенсек, кәсіпкер Александр Клебанов басқаратын компанияның 2024 жылғы табысы 2023 жылмен салыстырғанда артқан. Соған қарамастан, қазір "Петропавл жылу желілерін" қала әкімдігіне беру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.

"Сіздің сауалыңызға жауап ретінде хабарлаймыз: "Севказэнерго" АҚ мен Петропавл қаласы әкімдігі арасында "Петропавл жылу желілері" ЖШС-ін коммуналдық меншікке беру туралы келіссөздер жүріп жатыр. Алдағы берудің негізгі мақсаты – қалалық жылу жүйелерін бір орталықтан басқарып, оларды кешенді түрде жаңғырту, энергия тиімділігін және сенімділігін арттыру", – деп түсіндірді Петропавл әкімдігі.

Қалалық әкімдік бұл шешімнің негізгі себептері ретінде энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту қажеттілігін (Петропавл қаласының жылу желілерінің тозу деңгейі 70%-дан асады) және соңғы тұтынушылар үшін тарифтердің айтарлықтай өсуін болдырмау қажеттігін атады.

“Ұлттық жобаға қатысу мен басқаруды біріктіру жылу жүйелерін жаңғыртуға мемлекеттік қаржы тартуға мүмкіндік береді. Бұл тек апаттарды жоюмен шектелмей, тозған инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңартуға және болашақта тарифтерге түсетін капиталдық жүктемені азайтуға жол ашады. Бұл Петропавл қаласын сенімді жылумен қамту, жылу энергиясына тарифтердің болжамдылығын және олардың экономикалық негізділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ орта және ұзақ мерзімді перспективада олардың күрт өсуін болдырмау тұрғысынан стратегиялық маңызға ие", – делінген Петропавл қаласы әкімдігінің хабарламасында.

Талқыланып жатқан мәміленің негізгі шарттары:

• Алдағы және келесі жылыту маусымдарында жылу желілерінің үздіксіз жұмысын толық қамтамасыз ету.
• "Петропавл жылу желілері" ЖШС қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін толық көлемде сақтау.
• Барлық рәсімдердің Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қатаң сәйкестікте жүргізілуі.

Сонымен қатар, берудің маңызды шарттарының бірі – серіктестіктің жеткізушілер, мердігер ұйымдар, қызметкерлер және өзге де серіктестер алдындағы кредиторлық берешегінің болмауы болып табылады. Әкімдік түпкілікті құжаттар пакеті бекітілгеннен кейін барлық мүдделі тараптарды, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын да, дер кезінде хабардар ететінін мәлімдеді. Петропавл жылу желілерін қаланың балансына беру процесін 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Толық мәліметтер әзірге жария етілмегенімен, сарапшылардың пікірінше, бұл әлеуметтік маңызы бар шешімнің нәтижесін болжау әлі ерте. Алайда "Петропавл жылу желілерінің" қалалық меншікке қайтарылуы қаланың инфрақұрылымын жаңғыртуға серпін беріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді деген үміт бар. Көпшілік күз сайын тозған құбырлар айлар бойы жөнделмей жататын Петропавлды емес, жаңарған әрі жайлы қаланы көруге үміттенеді.

Айта кетейік, бұл жағдай Екібастұз жылу электр орталығында болған ірі апаттан кейінгі оқиғаға ұқсайды. Ол кезде Клебанов пен Каннан ЖЭО-ны мемлекет меншігіне алу туралы ұсыныс қоғамда қызу пікірталас тудырған еді. Көпшілік алдымен олигархтарды нысанды қалыпты жағдайға келтіруге міндеттеу қажет екенін атап өткен. Осылайша, ЖЭО "Самұрық-Қазына" холдингіне беріліп, тозған нысанды жөндеуге шамамен 13 миллиард теңге мемлекеттік қаражат жұмсалды. Бұдан бөлек, қаладағы жылу желілері мен магистральдарын қайта жаңартуға да миллиардтаған мемлекеттік қаржы бөлінді.


Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке атау беру бойынша конкурс аяқталды


Алматыда жылыту маусымы қашан басталатыны белгілі болды


Еске салайық, бұған дейін Риддердегі жылу электр орталығын жөндеу үшін тағы 1,7 миллиард теңге бөлінгенін жазған едік. Соңғы екі жылда Риддер ЖЭО-ға үкімет резерві мен облыс бюджетінен 15,5 млрд теңге бағытталды. Қазандықтар мен турбиналарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, стансаның тозу деңгейі 75%-дан 46%-ға дейін төмендеді. Ұзындығы 21,3 шақырым жылу желісінде жөндеу жүргізілді, соның нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 82%-дан 67%-ға дейін азайды. Сонымен қатар 2023-2024 жылдардағы жөндеу науқанына енбеген тораптар мен механизмдерді жөндеу қажет. Қазандық агрегаттарын, турбоагрегаттарын, сондай-ақ жабдықтың тұрақты түрде электрмен қамтамасыз етілуіне жауапты кешенді тарату құрылғыларын жөндеу қажет.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 15 Қазан, 2025 17:53
Талқылау