Ішінде 67 адам болған: Ақтау маңында ұшақ құлады (видео)
Ақтау маңында ұшақ құлады. Апатқа ұшыраған ұшақтың видеосы желіде тарады. Әзірге ұшақ ішіндегі жолаушылар жағдайы туралы ақпарат жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Желі кадрларынан
Embraer 190 ұшағы Әзірбайжанның AZAL әуе компаниясына тиесілі. Ол Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан.
Құлау алдында ол Каспий теңізінің үстінен Төтенше жағдайлар департаментіне сигналын берген.
“Қазір оқиға орнына жеке құрамның 52 адамы және Қазақстан ТЖМ техникасының 11 бірлігі келді. Олар әуе кемесіндегі өртті сөндіріп жатыр”, – деді Төтенше жағдайлар министрлігі.
Қазір зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр. Тірі қалғандар бар екені хабарланды. Ұшақ ішінде 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, алты адам аман қалған. Алайда барлығының хәлі ауыр.
“Ұшақ құлаған жерде 14 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр”, – деді министр.
Алдын ала ақпарат бойынша, оқиғаның себебі ұшақтың құстар тобымен соқтығысуы болды деп хабарлады компания.
Еске салсақ, Bek Air ұшағы 2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы түбінде апатқа ұшыраған еді. Лайнер Алматыдан Астанаға ұшқан, алайда бірден биіктік жоғалтып, қоршауға, кейін екі қабатты үйге соғылған еді. Бортта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Салдарынан 12 адам көз жұмды.