"Іш киімін шештіріп, видеоға түсірген": Сандуғаш Дүйсенованың жақындары мәлімдеме жасады
Белгілі журналист Сандуғаш Дүйсенованың жақындары қоғам белсендісінің үстінен қозғалып жатқан қылмыстық іске қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz тілшісі хабарлайды.
Дүйсенованың адвокатының айтуынша, белгілі журналист құқық қорғау қызметкерлеріне өзі барып, барлық мән-жайды айтып берген.
"Полиция қызметкерлері Сандуғаш Елубайқызын бір жерден ұстап алып, Департаментке апармаған. Шақырту бойынша ол өзі барып, сол жерден қамауға алынған. Темір тордың ішінде оған іш киімім шешкізіп, видеоға түсірген. Қазірге таңда ол кісінің жеке ұялы телефоны полиция қызметкерлерінде, сол себепті әлеуметтік желіге кіре алмай жатыр" - дейді Ильмира Назырова.
Қоғам белсендісінің экс-әріптесі, журналист Самал Қабышева бұл қылмыстық іс Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауына алынуы тиіс дейді. Оның айтуынша, барлық әрекет Сандуғаш Дүйсенованың сағын сындырамыз деген белгісіз азаматтардың тірлігі.
"Бұл жерде тек Сандуғашқа кек ұстаған адам, осыны пайдаланып, арыз жаз деп бағыт берген деп түсінемін. Сондықтан, Сандуғаштың ісін мемлекет басшысы тікелей өз бақылауына алса деп сұраймын. Қоғамдағы әділетсіздікпен күресіп жүрген адам біреудің кегі үшін бұлай күйіп кетпеу керек. Сандуғаштың орны түрме емес. Ол қылмыскер емес. Ол адам өлтірген емес. Ол наркоман емес. Ол қоғам белсендісі. Әділетсіздікке бей-жай қарамайтын адам. Ана. Қарап тұрсам, Сандуғаштың артында тіреп тұрған көкесі жоқ. Шешесі, ағасы екі қызы бар, болды. Олар өте еңбекқор отбасы. Сандуғаш жүректі, мінезді адам болған соң, ешкімнен қорықпайды" - деп хабарлайды Самал Қабышева.
Естеріңізге сала кетсек, 11 тамызда журналист Сандуғаш Дүйсенованы ұстады деген ақпарат тарады. Полициянвң ресми ақпаратына сүйенсек, қоғам белсендісін "Жеке өмiрге қолсұқпау және дербес дерек пен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу" (147-бап) бабы бойынша айыптауда.