Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Іріткі салушылар көбейіп кетпесін деген ниетпен әйелімді көрсетпедім”: Рысбек Аташ көп жылдар жасырған құпиясының себебін ашты

Танымал әнші Рысбек Аташ алдағы уақытта тыңдармандарын қуантатын жаңалығы бар екенін айтады. Тіпті, оның сөзінше, “Арай” тобы қайта құрылуы мүмкін екен. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында өнерпаз отбасы мен шығармашылығы жайлы айтып берді. 

–  Рысбек, сізді көргенімізге қуаныштымыз. Әңгімені шығармашылықтан бастайықшы. Жеке әнші ретінде қандай сүйінші жаңалықтарыңыз бар? 

– Біраз жаңа әндер жиналып тұр. Соларды жазып, жаңа бейнебаян шығарсам ба деген ниеттемін. Қазір сол бағытта жұмыс жасаудамын.

 Болашақта “Арай” тобының қайта бірігуі мүмкін бе?

– Бәрі мүмкін. Мүмкін, жаңа құраммен, мүмкін, ескі құраммен болашақта көріп қаларсыздар. Бірақ тура қазір үзілді-кесілді ештеңе айта алмаймын. Егер “Арай” тобы қайта қосылып жатса, сіздер арқылы оқырмандарымыздан міндетті түрде сүйінші сұрайтын боламыз.

– Ал Медет Көжекбаевпен қазіргі қарым-қатынастарыңыз қандай?

– Медетпен аса қатты жақын араласамыз деп айта алмаймын. Бірақ жиындарда, мерекелік шараларда кездесіп қалғанда сәлемдеріміз түзу.

– Көп әріптестеріңіз “дуэт ыдыраған соң екі жігітке де өнерде өз жолдарын қалыптастыру қиынға соғуда” деп пікір айтып жатқанын естиміз. Келісесіз бе?

– Иә, ол сөздің де өз шындығы бар. “Арай” тобына көп еңбек салынып, жұмыс жасалды. Соның нәтижесінде өз көрерменін тапқан топ болды. Ал жеке шығармашылықтың дамуына сол кезде жиналған тәжірбиелерді қосып, еңбек етудеміз. Бақ – Алладан, еңбек – бізден ғой.

– Instagram-да жарыңызды ашық көрсете бастапсыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын сұхбат алған кезде жеке өміріңіз туралы жауап бермей қашқақтайтын едіңіз. Әйеліңізді көпшілікке көрсетуіңізге не себеп болды?

– Отау құрғанымызға біраз жыл болды. Бастапқы жылдары отбасымды жасырғаным рас. Себебі тіл-көзден қорықтым. Отбасымыздың ортасына іріткі салушылар көбейіп кетпесін деген ниетпен әйелімді көрсетпедім. Ал қазір бір-бірімізді сөзсіз түсініп, ұғынатын жағдайға жеттік. Бір-біріміздің мінезімізді, табиғатымызды жақсы таныдық. Сондықтан кейде Instagram-ға жарымның, балаларымның суретін салып қоятыным бар.

–  Көп балалы әкесіз. Бала тәрбиесіне қаншалықты араласып, қандай қағидаларды ұстанасыз?

–  Үш қызым мен екі ұлым бар. Бес баламды сөзбен емес, іспен тәрбиелеуге тырысамын. Күнделікті балаларымды емес, өзімді тәрбиелеп жүрмін. Бастысы, Алланы танып, адал болса деген әкелік тілегім бар. Шынымды айтсам, бала тәрбиесі оңай емес. Біздің кездегі және қазіргі балалардың ойлауы мен мінезін салыстыруға келмейді. Бұрын біз алдағанға сеніп қалатынбыз. Қазіргі балалар бәрін біледі. Кейде қоятын сұрақтарына қалай жауап беру керектігін түсінбей қалатын кездеріміз болады.

– Болашақта қыздарыңыздың әнші болғанын қолдайсыз ба?

– Жоқ, қыздарымның әнші болғанын қаламаймын. Оларды барынша басқа бағытта дамытып, басқа қырларын ашуды мақсат етудеміз.

–  Талай жылдар “бойдақпын”, “жеке өмірім құпия” деп жасырып келдіңіз. Сіздің мұндай сұхбаттарыңызға келіскен әйеліңіздің даналығы ма? Әлде “мен айттым, болды” деген сіздің шорт кесуіңіз себеп болды ма?

– “Бойдақпын” деп сұхбаттарда әзілдегенім бар. Бірақ әйелім оның бәріне түсіністікпен қарады. Өнерді жұмыс ретінде қарағандықтан ол бейберекетсіз дау шығарған емес. Бұл да болса әйелімнің маған деген құрметі және менің отағасы ретінде құрметке лайықты болған азаматтық мінезім деп білемін. Жолдасым менің мақсатымды түсінгендіктен әр ісімде қолдау көрсете біледі. Сол үшін жарыма алғысым шексіз.

– Қазіргі табыстың көзі Instagram-да аса белсенді емессіз. Бұл Instagram-ның техникасы мен құпияларын білмегендіктен бе?

– Instagram-ның тілін, дұрыс дамыту жолын жетік білмейтінімді мойындаймын. Одан бөлек қызығушылық та төмен. Алайда қазір өнеріңді дамытып, өзіңнің танымалдылығыңды арттыру үшін Instagram-ды дамыту керек. Қазір парақшамды кәсіби деңгейде жүргізуді жоспарға қойдық. Іске асыруға жақында кірісеміз.

– Парақшаңызда тоқал алуға қатысты әзіл видеолар бар. Жалпы бірнеше әйел алуға көзқарасыңыз қалай?

– Тоқал болса, жақсы ғой, болмаса, несі жақсы. Әрине, әзіл ғой. Тоқал алу ойда жоқ. Ол үлкен жауапкершілік. Қазіргі қоғамда бір жанұяның жағдайын жасап, берекесін сақтаудың өзі еңбек. Әрине, көп әйел алған азаматтарды қолдаймын немесе қарсымын деп ештеңе айта алмаймын. Ол әр адамның таңдауы.

– Сіздің үйде ақшаны кім табады және кім басқарады?

– Біздің үйде ақшаны табатын – мен. Ал басқару мен жұмсау ақылдасып шешіледі. Негізі “ақшаны мен ұстаймын немесе менің ақшам менікі, бәрін өзім шешемін” деген және тағы басқа ұсақ-түйек тақырыптағы таластар алғашқы он жылдыққа дейін болатын әңгімелер. Одан кейін отбасындағы ерлі-зайыптылардың мақсаты да, мүддесі де бір бағытқа ауысып, екеуі бір адам болып кетеді. Қазақтың “екі жарты, бір бүтін” дегені осы шығар. Сондықтан біздің үйде қаражатты кім басқарады, кім жұмсайды деген мәселе жоқ. Ақша табатын – мен. Жұмсауды ақылдасып қатырамыз (күліп).

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Жанар Тайырқызы

Талқылау