Иран президентінің қазасы, Ресейдің ядролық қару бойынша дайындығы, Еуропаның үш мемлекетінің Палестинаны мойындауы: Әлем жаңалықтарына апталық шолу
Осы аптада әлемде бірқатар маңызды оқиғалар орын алды. Солардың бірі Иран президентінің қазасы. Әлем саясатының маңызды тұлғаларының бірі Ибрагим Раиси мінген тікұшақ апатқа ұшырады. Сонымен қатар Норвегия, Ирландия мен Испания Палестинаны бөлек мемлекет ретінде мойындады. Бұл оқиғалар барысында Ресей ядролық қаруды қолдану бойынша оқу-жаттығуларын бастаған. Stan.kz тілшісі осы және әлемдегі өзге де жаңалықтарға апталық шолу ұсынады.
Иран президенті тікұшақ апатынан қаза тапты
Фото: Ашық дереккөздерден алынды
Иран президенті Раисидің тікұшағы жексенбі күні Әзірбайжан шекарасына жақын маңдағы таулы аймақта қолайсыз ауа райы жағдайында апатқа ұшыраған. Ұшақтың бөлшектері дүйсенбі күні түнде жүргізілген іздеу кезінде табылды.
Апатқа ұшыраған ұшақта Иран президенті Раиси, сыртқы істер министрі Хосейн Амирабдоллахиан және тағы алты жолаушы мен экипаж мүшелері болған. Сондай-ақ тікұшақта Иранның Шығыс Әзірбайжан провинциясының губернаторы Малик Рахмети және Тебриз провинциясының аятолласы Али Хашим болғаны анықталды.
Иран билігіне әзірге вице-президент Мохаммад Мохбер келді.
Ислам республикасының конституциясы бойынша 50 күн ішінде жаңа президент сайлауы өтуі керек. Мерзімінен бұрын өткізілетін президент сайлауы 28 маусымға жоспарланған.
Раиси және Ирандағы саяси жағдай
Фото: Иран президентінің кеңсесі
63 жастағы Раиси қатал режимді ұстанатын саясаткерлердің бірі. Ол Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің ықтимал мұрагері саналған.
Ол небәрі 25 жасында Тегеран прокурорының орынбасары, артынша прокуроры, ал 2014 жылы Иранның бас прокуроры болды. 2019 жылы аятолла Хаменеи оны елдің сот билігінің басшысы лауазымына тағайындады. Раиси 2021 жылғы президент сайлауында жеңіске жеткен.
Иран президенті Американың санкцияларына ұшыраған. Бұл санкциялар 1988 жылы Иран-Ирак соғысының соңында саяси тұтқындардың өлім жазасына кесілуіне байланысты енгізілген.
Апат Иранда бірқатар саяси, әлеуметтік және экономикалық дағдарыстарға байланысты келіспеушілік күшейіп жатқан уақытта орын алды. Иранның діни билеушілері Украинадағы соғыс кезінде Теһранның ядролық бағдарламасы мен Ресеймен әскери байланыстарын тереңдетуіне байланысты халықаралық қысымға тап болған еді.
Сонымен қатар Иранның одақтасы ХАМАС-тың Израильге шабуылы Таяу шығыстағы жағдайды тіпті ушықтырды. Өткен айда Иран мен Израиль бір-біріне пилотсыз ұшақтармен шабуыл жасаған болатын.
23 мамырда Иранның Мешхед қаласына мыңдаған адам ел президенті Ибрагим Раисимен қоштасуға келді. Раиси туған қаласы Мешхедтегі Имам Реза зияратында жерленеді. Жерлеу рәсіміне 60-қа жуық елдің өкілдері, оның ішінде Тунис президенті Кайс Саид пен Катар әмірі шейх Тамим бен Хамад әл-Тани да қатысты. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы да Ибрагим Раисиді бір минут үнсіздікпен еске алды.
“Қорқытуларға жауап”: Ресей ядролық қаруды қолдану бойынша оқу-жаттығуларын бастады
Фото: Ресейдің қорғаныс министрлігі
Ресейдің оңтүстік әскери округінде стратегиялық емес ядролық қаруды қолдану бойынша оқу-жаттығуларының бірінші кезеңі басталды. Онда "Искандер" кешені мен "Кинжал" гипер дыбыстық зымырандары қолданылады. Оқу жаттығуларының басталуына Батыстың "арандатушылық мәлімдемелері мен қоқан-лоққылары" себеп болды деп мәлімдеді Ресей.
Қазір осы әскери округтің зымыран құрамаларының әскери қызметшілері "Искендер" жедел-тактикалық зымыран жүйесіне арнайы оқ-дәрі алу бойынша "жауынгерлік оқу-жаттығу тапсырмаларын" пысықтауда. Сондай-ақ зымыран тасығыштарды ядролық оқ-дәрімен жарақтандыру бойынша жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Зымыран кешендерінің жеке құрамы зымырандарды ұшыруға дайындық кезінде позиция аймағына жасырын жылжу жаттығуларын жүргізуде.
Оқу-жаттығуларға қатысқан авиациялық күштер әуеден ұшырылатын зымырандарды ядролық "Кинжал" гипер дыбыстық зымырандарымен жабдықтауды, сондай-ақ арнайы патрульдік аумақтарға ұшуды пысықтауда.
Норвегия, Ирландия мен Испания Палестинаны бөлек мемлекет ретінде мойындады
Фото: ТАСС
Ирландия, Испания және Норвегия Палестина мемлекетін ресми түрде тану жоспарларын жариялады. Бұл Палестина мәселесін шешуге ықпал еткенімен, Еуропа мен Израиль арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі шиеленістірді.
Үш еуропалық мемлекет өздерінің шешімі Таяу Шығыста тұрақты бейбітшілікке қол жеткізудің ең жақсы жолы екенін мәлімдеген. Алайда бұл әрекетке Израиль бірден жауап берді. Израильдің сыртқы істер министрі үш елдегі елшілерін артқа қайтарған.
Әлемнің көпшілігі Палестинаның мемлекеттігін мойындады. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 193 мемлекеттің 140-тан астамы өздерінің мойындауын ресми түрде жариялаған.
"Бүгін Ирландия, Норвегия және Испания Палестина мемлекетін мойындайтынымызды жарияладық. Енді әрқайсымыз бұл шешімді жүзеге асыру үшін қажетті барлық ұлттық қадамдарды жасаймыз”, – деп мәлімдеді Ирландияның премьер-министрі Саймон Харрис сәрсенбі күні Дублинде өткен баспасөз мәслихатында.
Газа секторын басқаратын ХАМАС тобы басқа елдерді осы үлгіні ұстануға және заңды ұлттық құқықтарын тануға, азаттық пен тәуелсіздік үшін күрестерін қолдауға шақырды.
Палестинаны үш елдің мойындауы бойынша құжат 28 мамыр күні ресми күшіне енеді.
Шетелдіктер тұрып жатқан жатақханаға тас атқан: Бішкекте тәртіпсіздіктер болды
Фото: rus.ozodlik.org
13 мамырда Бішкектегі хостелдердің бірінің қонақтары мен жергілікті тұрғындар арасындағы келіспеушілік болып, үш шетелдік ұсталған. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
18 мамыр күні таңертең Свердлов аудандық ішкі істер басқармасы төбелеске қатысы бар төртінші адамның ұсталғаны туралы хабарлады.
17 мамыр күні таңертең әлеуметтік желіде 13 мамырда болған төбелестің видеосы тарап, жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырған.
17 мамыр күні кешке Шу даңғылы мен Құрманжан көшесінің қиылысындағы жатақхана маңына жүздеген жергілікті тұрғындар жиналып, жағдайды шешпек болған. Жиналғандар шетелдіктерге бақылауды күшейтуді талап етті. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша таңғы 1-ге қарай наразылық білдірушілер саны мың адамға жеткен.
Шерушілер қоршауды бірнеше рет бұзып өтуге әрекеттеніп, полициямен қақтығысып, көрші ғимараттарды қиратты. Наразылық білдірушілер шетелдік студенттер тұратын бір жатақхананың терезелерін сындырып, екінші жатақханаға кіріп кеткен.
Таң атқанша полицейлер наразылық білдірушілермен келісімге келіп, наразылық кезінде көлік қозғалысы шектелген көшелерді тазартып үлгерді. Наразылық акциясы кезінде ондаған адамның ұсталғаны хабарланды.
18 мамырға қараған түні болған тәртіпсіздіктер кезінде 29 адам зардап шекті, деп хабарлады Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі. Зардап шеккен 15 адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Ведомствоның мәліметінше, қазір үш зардап шеккен азамат ауруханада жатыр. Біреуінің екі жақ сүйегі сынса, тағы екеуінің миы шайқалған. Олардың жағдайы тұрақты.
Пәкістанның Бішкектегі елшілігі өз азаматтарына жағдай қалыпқа келгенше үйде болуға кеңес берді. Бішкектегі Үндістан елшілігі де өз азаматтарына осындай кеңес берген.
Рамзан Қадыровтың 18 жастағы ұлы үш айда екінші рет министр болды
Фото: Telegram
Ақпан айынан бастап Шешенстанның жастар істері министрі қызметін атқарған 18 жастағы Ахмат Қадыров спорт министрі болып тағайындалды.
Осыған дейін ол дене шынықтыру және спорт министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Сонымен қатар Ахмат Қадыров Шешенстандағы "Біріншілер қозғалысы" балалар мен жасөспірімдер қозғалысының облыстық филиалы кеңесінің төрағасы да болды.
"Жоғары лауазымдарға тағайындалғандардың әрқайсысы өзіне артылған сенімді ақтайтынына толық сенімдімін", – деді Рамзан Қадыров.
Саакашвили Грузия тәуелсіздігінен толық айырылуы мүмкін екенін айтты
Фото: Irakli Gedenidze
Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили Грузия тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінен толық айырылуға жақын екенін мәлімдеді.
"2008 жылы Ресей Тбилиси қақпасының алдында тұрғанда мен қазіргіден әлдеқайда сабырлы болған едім. Өйткені Грузияның тәуелсіздігіне ештеңе қауіп төндірмейтініне сенімді болдым. Ол кезде грузин халқы біртұтас еді және бүкіл әлем бізді қолдаған болатын. Ал қазір біз тәуелсіздігімізді жоғалтудың алдында тұрмыз”, – деді ол.
Ол халықты бірлікке шақырды.
"Дәл қазір бізге керегі – бірлік. Олар партиялық келіспеушілік туралы сөз қозғай бастағанда, үмітімді үземін. Достар, қазір партиялық келіспеушіліктерге уақыт жоғалтатын кез емес. Біз елді жоғалтып жатырмыз, Грузия өліп жатыр. Бұлай жүре берсек, Грузия бұдан былай әлем картасында болмайды. Сол уақыт туғанда сіздің кештеріңіз бен бағдарламаларыңызды кім есіне алады? Елді бірлікке шақырамын. Бәріміз Грузияның дауысы бүкіл әлемге естілетініне көз жеткізуіміз керек. Өйткені әлем Грузияға таңданыспен қарайды. Біз неғұрлым белсенді болсақ, соғұрлым бізге қолдау көрсетіледі", – деді Саакашвили.
Грузияда не болып жатыр?
14 мамырда Грузия парламенті "Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы" заңға түзетулерді үшінші және соңғы оқылымда қабылдады. Жиын барысында жалпы отырыс залында депутаттар арасында төбелес болған.
Грузия осымен шетелдік агенттер туралы заңға түзетулер енгізуге екінші рет әрекеттеніп отыр. Соңғы рет заң 2023 жылы енгізілмек болған. Алайда сол жылы жаппай наразылықтар мен президент ветосынан кейін заң жобасы тоқтатылды. Биылғы жылы түзетулерді парламентте қарау да жаппай наразылықтармен қатар жүрді. Грузия билігі сыртқы күштерді төңкеріс жасамақ болды деп айыптады.
Осы жолы да Грузия президенті Саломе Зурабишвили парламент қабылдаған шетелдік агенттер туралы заң жобасына вето қойғанын айтты. Ол "мәні мен рухы бойынша Ресей заңы болып табылатын түзетулер Конституцияға және еуропалық стандарттарға қайшы" деп мәлімдеді.
АҚШ мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен Грузияда қабылданған шетелдік агенттер туралы заң оның еуроатлантикалық интеграция және АҚШ-пен стратегиялық серіктестік бағытына қайшы келеді деп мәлімдеді. Осыған байланысты АҚШ мемлекеттік департаменті елдегі "демократияны бұзуға жауапты" Грузия азаматтарына, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне виза беруге шектеулер жариялады.
Оған қоса Блинкен "АҚШ пен Грузия арасындағы екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты шолуды" бастады.
"Біз Грузия билігі заң жобасын қайта қарап, өз елінің демократиялық және еуроатлантикалық ұмтылыстарын жүзеге асыруда алға жылжу үшін қадамдар жасайды деп үміттенеміз. Екі ел арасындағы қарым-қатынасты қарастырған кезде біз Грузияның әрекетін ескереміз", – деді Блинкен.