“Тамақты өзі жасап, ыдысты өзі жуады”: Өзге ұлтқа тұрмысқа шыққан қазақ қызы күйеуінің қандай екенін айтып берді
Өзге ұлт өкілінің етегінен ұстап, жары атанған қазақ қызы Заида Жаңабаева өмірлік серігінің қандай азамат екенін айтып берді. Жас келін өзіне сан сауалдар қойған оқырман сұрақтарына жауап берді. Өзге ұлт өкілінің қазақ жігіттерден айырмашылығын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Заида Жаңабаева жақында оң босағадан ұзатылып, тұрмыс құрды. Бұл той өзгелерден ерекше еді. Себебі күйеу жолдас пен келген құдалар өзге ұлт өкілдері. Қазақтың бар салтын, жөн-жоралғысын жасағанымен, көпшілік өзге ұлт деп сөкті. Қазақ қыздарының жатқа кетіп жатқанына қынжылды.
Отандық журналистер өзгенің етегінен ұстағандар сол елге кетіп, азаматтығын алсын деп сын айтты. Қоғам белсендісі “өзге ұлтты таңдайтындай не басыңа күн туды?” деп сөкті. Жас келін сонда да өз таңдауынан айнымайтынын айтады. Себебі адамзатты ұлтқа, ұлысқа бөлмейді. Бәріне тең қарайды. Ал жолдасын жүрек қалауымен таңдағанын айтады.
“Жолдасым мені аса қатты құрметтейді. Бір жерге барсақ, мейрамханаға, кафеге, көлікке отырсам да, мені бірінші өткізеді. Өзі менен кейін жүреді. Есікті ашып береді. Маған ауыр зат көтергізбейді. Кейде менің сөмкемді көтеріп жүреді. Кей жігіттер секілді ол үшін ұялмайды. Ел не айтады деген түсінікпен өмір сүрмейді.
Менің көңілімнің көтеріңкі болғанын қалап жүреді. Үйде ас ішіп болған соң тұрып кетпейді. Менімен бірге отырады. Ыдысты өзі жуа салады. Маған ыдыс жуғызбайды. Жай ғана қасында әңгімелесіп отырғанымды қалайды. Менің асты-үстіме түседі. Жұмыстан келген соң тамақты да өзі жасайды. Кейде сыртқа шығып ішеміз. Ұрысып жатпаймыз. Бірнәрсе болса кешір деп көп айтады. Мен жөтелсем де кешірім сұрап жүреді. Бастапқыда ұнамайтын, кейін өзім де үйреніп алдым. Кешірім сұрап жүремін”, – дейді Заида.
Жолдасы Джесси жарының батылдығына қайран. Қанша сын айтылса да, таңдауынан бас тартпаған батыр қыз деп мойындайды. Ал Заида жолдасының өте байқампаз екенін аңғарған.
“Мен жаңа нәрсе сатып алсам, байқап қояды. Оған баға береді. Шашымды қисам, тырнағымды боясам байқайды. Үнемі рахмет айтып жүреді. Бетімнен сүйіп жүреді. Мен тамақ жасағанды ұнатамын. Ол менің тамағымды сүйіп жейді”, – деді Жаңабаева.