Грекияда кемеде отшашу атып, орман өртіне себеп болған туристердің арасында қазақстандық олигарх болған – БАҚ
Грекияда кемеде отшашу атып, орман өртіне себеп болған туристердің арасында қазақстандық олигарх болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі халықаралық OCCRP басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Εποχικοί Πυροσβέστες
Басылымның мәліметінше, Гидра аралындағы өрт 300 000 шаршы метр аумақты шарпыған.
Грекияның ұлттық өрт сөндіру қызметі 22 маусым күні күдікті деп танылған 13 адамның қамауға алғанын хабарлады. Ал бір апталық жалға алу құны 250 мың еуро болатын люкс яхтадағы қонақтардан ешкім ұсталмаған.
Грекиядағы орман өрті: Ақпарат құралдары пәкістандықтарды қазақтармен шатастырып алған
"Қала әкімшілігі барлық жауаптыларға шара қолдану және өтемақы талап ету үшін тергеудің нәтижесін күтіп отыр", – делінген Гидра мэрі Джоргос Коукудакистің мәлімдемесінде.
Басылымның қол жеткізген ақпараты бойынша, Persephony I яхтасының қонақтарының арасында жеті қазақстандық болған. Олардың қатарында қазақстандық олигахр Данияр Әбілғазиннің болғаны туралы ақпарат бар.
Өрт болған күннің ертеңінде Әбілғазин жиі пайдаланатын жеке ұшағымен Афины әуежайынан Алматыға ұшқаны рейс жазбаларында көрсетілген.
Фото: Adsbexchange.com
Басылымның мәліметінше, кеме жазбаларында сол күні кемеде Әбілғазиннің ұлы мен әйелі Айдан Сүлейменованың да болғаны жазылған. Басқа қонақтардың қатарында Қазақстанның ең ірі қаржы институты Халық банкінің бас директоры мен оның күйеуі, KMG International NV ұлттық мұнай компаниясының бұрынғы топ-менеджері пен олардың қызы да болған.
Еске салсақ, бұған дейін Грекияда яхта жалдаған қазақстандықтар отшашу арқылы аралды өртеп жібергені туралы ақпарат тараған еді. Алайда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Грекияда орман өрті үшін ұсталғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеді.