Алматы тұрғындарын түсі өзгерген газ жалыны шошытты: Газ не себепті қызыл болып жанады?
Әлеуметтік желіде қолданушылардың бірі газ түсінің өзгеріп, қызыл түске айналғанына шағымданған. Алматы қаласы тұрғынының айтуынша, мұндай жағдайда судың қайнауына жарты сағат кетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Аязда да осындай газ болса, үйді жылыта алмай қаламыз. Су жарты сағат қайнайды. Пештің температурасы 55 деп тұр, бірақ 45 сияқты”, – деп жазды желі қолданушысы.
"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ осы аудандағы газ қысымы нормада екенін хабарлаған.
“Авариялық қызметке шағым түскен жоқ. Газ автоматтандырылған газ тарату станциясынан беріледі және оның құрамына әсер ету мүмкін емес, сонымен бірге табиғи газ оның паспорттық деректеріне және МЕМСТ-қа сәйкес беріледі”, – делінді түсініктемеде.
Өз кезегінде мекеме газбен жабдықтауға қатысты шағымдар туындаған жағдайда, 104 нөмірі бойынша хабарласуға болатынын хабарлады.
Не себепті газ жалыны көк түстің орнына қызғылт түске өзгереді?
Газ плитасының жалыны көк түсті болуы тиіс. Оттың қызғылт сары, қызыл түстерге өзгеруі оның толық жанбай тұрғанын, көміртек тотығының пайда болуын меңзейді. Бұл өлім қауіпі бар улануға әкеледі.
Негізі газдың жану үшін ең бірінші ауа керек. Газдың жануы барысында ауаның құрамындағы оттектің көміртек пен отынның сутегі арасында химиялық реакция жүреді. Реакция кезінде жылу, жарық, сондай-ақ көмірқышқыл газы мен су буы бөлінеді. 1 текше метр табиғи газды жағу үшін шамамен 10 текше метр ауа қажет. Газдың толық жанбауы кезінде ұзынша келген, жарқыраған, мөлдір емес, сары алау байқалады. Табиғи газ түсінің сары, қызғылт сары, қызғылт түске өзгеруі оның толық жанбауынан болуы мүмкін дедік.
Оған әдетте мына факторлар әсер етеді: ауаның болмауы, артық ауа, газ қыздырғышының ластануы (шаң, күйе және т.б.) Қалған себептерді әр жағдайға байланысты маман тексеру кезінде бағалай алады.
Газдағы көк жалын (CO) газдың қауіпсіз екенін көрсетеді. Қызғылт сары, қызыл түс (CO)-нің шектен тыс бөлініп жатыр дегенді білдіреді Мұндай улы газдың иісі, түсі болмайды. Онымен уланған соң адамда тұмау тәріздіауру белгілері пайда болады. Сондықтан газ жабдықтарына мұқият мән беру керек.
Газ плитасында немесе қазанда оттың түсі сары, қызыл немесе қызғылт сары түске өзгерген кезде азамат тұрғылықты жері бойынша газ қызметіне жүгінуі тиіс, оның себептерін анықтайтын маманды шақыру қажет.
Олар келгенге дейін газ құрылғысы тұрған бөлмеге ауа кіргізу қажет.
Газ қауіпсіздігін сақтау
- Газ жабдықтарын орнату немесе тасымалдау жұмыстары тек мамандандырылған газ компаниясына тапсырылуы керек.
- Газды тұтынатын құрылғыларының қалыпты жұмысын қадағалаңыз. Түтін мұржасының жұмысына күдік туындаған кезде газды пайдалануды дереу тоқтатып, түтін шығатын жерді тексеріп, мамандарға жүгіну қажет.
- Желдеткіштер, желдету каналдары жабық кезде газ құрылғыларын пайдалануға тыйым салынады.
- Желдеткіш каналы мен мұржа да ақау жоқ болса да газ колонкасының бір мезгілде жұмыс істеуі қауіпті. Оның салдарынан көміртек тотығы тұрғын үйге кіріп, адамдардың қатты улануына әкелуі мүмкін.