Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әбдірахымов саяси тұрғыдан шалыс басты": Саясаттанушылар Шымкенттің "зың" әкімінің қызметтен кету себебін айтты

Шымкенттің "зың" әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың орнынан кетуі үлкен шу тудырып, түрлі әңгімелер әлі басылар емес. Оңтүстік өңір тұрғындары, тіпті, кей отандық жұлдыздар қимастықтарын жасырмай, жазбаларын қалдырып жатса, белгілі қоғам қайраткерлері бұл "Лондондық каникулдарға" байланысты емес, әкімнің қызметіне қойылған заңды баға деген пікір білдіреді. Stan.kz тілшісі елімізге танымал саясаттанушылар мен қоғам белсенділеріне хабарласып, Әбдрахымовтың кетуі қандай оқиғалардың нәтижесі деген сауал қойған еді. 

саясаттанушылар

Саясаттанушы Ерлан Сайыров Ғабидолла Әбдірахымовтың лауазымынан кетуін әлі жас екенін, әрі халық мүддесінен шыға алмағанынан деп біледі: 

"Бүгінгі саяси қоғамдық трендте қарапайымдылық тұр. Әкімдердің қарапайым халықпен тікелей жұмыс жасай отырып, мұң-мұқтажын сол жергілікті жерде шешу де басты назарда. Осы тұрғыдан келгенде өмір көрмеген, жас болғандықтан шалыс қадамдар жасады ғой деймін. Бір ғана мысал елімізде өзекті мәселелер орын алып жатқанда, Лондонда жүріп жасаған әрекеттері ел-жұртқа ұнай қойды деу қиын. Шынын айту керек, саяси тұрғыдан шалыс басты", -.дейді Сайыров.

Әкімдердің жұмысы жіті бақылауда тұрған кезде биліктің халық қалаулыларына қойылған талаптарын орындамауы да себепші дейді саясаттанушы.

"Бүгінгі билік әкімдердің жұмысын жіті бақылап отыр. Жақында ғана президентіміз Тоқаев  қоғамдық пікірді ескеру, әкімдерге қоғамның қатынасы пен көзқарасы қандай деген сұрақтардың маңызы туралы айтқан еді.

Демек, қоғамның пікірінің әсерінен жұмысынан шеттетіліп отыр. Бұл басқа да әкімдерге үлкен сабақ. Халықтың, өзі басқарып отырған аймақтаң пікіріне құлақ түру керек екендігін, әлеуметтік-экономикалық тұрмыс-тіршілігіне қарап отыру керектігін баса назарда ұстауды көрсетті. 

Белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан өзінің Фейсбук парақшасында астамшыл «лондондық» әкімнің қызметінен қуылуын биліктің соңғы уақытта дұрыс қабылдаған шешімдерінің бірі деп атады. Хабарласып пікірін сұрағанымызда елімізде бір шенеунік жұмысынан шықты екен деп пікір білдірмейтінін, әңгіме қылуға тақырып аздық ететінін айтты. 

Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, халық алдында өзін ұстай алмауы немесе Лондондағы әрекеттері тек желеу ғана. Шын мәнісінде жұмыстан қуылуына басқа да салмақты себебі болуы мүмкін екенін алға тартады. 

"Ондай мәселелер тек сылтау үшін әсер етеді. Әрине, мемлекеттік қызметкер этикасын сақтаған жоқ. Бірақ, әңгіме одан да терең болуы мүмкін. Халыққа көрініп қалғанын ғана айтып, сылтау қылуда. Бірақ негізгі мәселе біз ойланғандай болмауы мүмкін. Менің жеке пікірім Шымкент қаласының экс-әкімі өзіне пиар жасағанды жақсы көреді. Великпен жүру деген сынды қылықтарын айтуға болады. Бірақ Әбдірахымов келгелі қалада өзгеріс болды дегенді естіген жоқпын. Демек, ол өзінің қызметін дұрыс атқара алмағандықтан кетіп отыр. Әңгіме этика сақтамағандықтан емес, дұрыс қызмет атқара алмағандықтан. Халық көп нәрсені біле бермейді. Тек көрініп қалған бір-екі қылықтарын желеу етіп шығару мүмкін. Лондондағы әрекеттерінен бөлек халықтың көзіне жаманатты болып түсіп қалған суреттері де бар", - дейді саясаттанушы.

Қазір биліктен кеткенімен, кейін қандай да бір лауазымды билік өкілдері қатарынан көріп қалмаймыз ба деген сұрағымызға:

"Қазір әлеуметтік желі де белгілі бір рөл атқаратын заманға жеттік. Билік өзіне керек емес адамнан, қазақбайшылап айтқанда, құтылып отыр. Алайда, уақыт өте келе басқа бір жоғары лауазымды қызметте көріну мүмкіндігі 99%. Бұл бұрыннан келе жатқан үрдіс. Бізде жауапты болып сотталған, ыңғайсыз жағдайға түскен шенеуніктер кейін басшылыққа келіп отырады. Ғабидолла - жас жігіт, ондай мүмкіндік талай беріледі деп ойлаймын", - дейді Дос Көшім.

Расул Жұмалы соңғы уақытта Қазақстандағы кадр мәселесінің оң шешім тауып келе жатқанын айтады. Билік басындағылар халыққа қызмет көрсете алмаған әкімдер мен шенеуніктерді дер кезінде қызметінен босатуды жөн санайды.

"Ол кісінің кетуімен көп нәрсе өзгере қояды дегенге сену қиын. Біздегі кадрлық саясат ең бір түсініксіз сала. «Кадрлар бәрін шешеді» деген сөз бекерден бекер айтылмайды. Әр елде кадр мәселесі маңызды орында. Меніңше Шымкент әкімінің орнын босатуы өте орынды әрі қисынды. Оның бұл уақытқа дейін жасаған кей былықтары мен Лондонда жүріп жазған жазбасы жалғыз ғана себеп деп айта алмаймыз. Керісінше, ең соңғы шыңырау шегіне жеткендегі себептерінің бірі. Арыстағы жарылыстан зардап шеккен халықтың толқуы кезінде әкімнің өзін орынсыз ұстауы, қарапайым халықпен тілдесе алмауы, дөрекі сөйлеуі - оның қателіктері.

Қоғамның билікке деген көзқарасы онсыз да оңып тұрағаны шамалы. Ал осылардың барлығы одан әрі өршелендіре түседі. Осыдан екі-үш жыл бұрын министрлер мен әкімдер  қайта-қайта ауысып жатқанда билік тарапынан не үшін жұмыстан босатылғаны немесе не себеппен тағайындалып жатқаны туралы түсіндірілмейтін. Соңғы кездері түсініктеме беруі жауапкершіліктің пайда болғанын көрсетеді. Өркениетті елдерге тән осы бір үрдіс жүйелі түрде қолға алынуы керек.

Президентіміз Тоқаевтың "мемлекеттік қызметкерлер Құдай емес, халықтың жалдауындағы қызметшілер ғана" деген сөзі бар. Осы бастамаға лайық кадрлық мәселер де шешілуі керек", - деп өз ұсынысын да қоса айтты.

Сонымен қатар, қарапайым халықтың шенділерге табыну үрдісін қойып, өзінің заңды құқығы арқылы басшылыққа талап қоя білуі керектігін басып айтты.

"Соңғы болып жатқан өзгерістер түптеп келгенде жекелеген адамдардың емес қоғамның талабымен жасалып жатыр. Халықтың наразылығы мен талабы күшейген соң, бұл соған жауабының бір көрінісі. Қоғам осы бетінен қайтпауы керек. Табандылық танытып, кадрларға, басшылыққа деген өзінің заңды талаптарын қоя білуі керек. Бастық айтса дұрыс, үндеме деген сіңіп қалған менталитетімізді қойып, бастық атаулыға көзқарасты өзгертетін заман келді", - деп қорытты саясаттанушы.
 

Талқылау