Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еуропада Құранның өртелуін әлем елдері қалай қабылдады?

Еуропада Түркия, Ирак және Мысыр елшіліктерінің алдында Құранды өртеді. Бұл әрекетті әлем қалай қабылдады және оның нәтижесі қандай болмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

24 шілдеде Данияның астанасы Копенгагендегі Ирак елшілігінің алдында исламның қасиетті кітабы Құран Кәрімнің көшірмелерін "Даниялық патриоттар" радикалды тобының мүшелері өртеп жіберген еді. Бұл – Данияда бір аптадан аз уақыт ішінде орын алған екінші жағдай.

Ирак Сыртқы істер министрлігі Еуроодақ билігін Құранның өртенуіне байланысты сөз бостандығы мен шеру өткізу құқығын тез арада қайта қарауға шақырды.

Түркия Құранға жасалған "жеккөрінішті шабуылды" қатаң айыптап, Данияны Исламға қарсы өшпенділік қылмыстарының алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдауға шақырды.

Мысыр Сыртқы істер министрлігі Құранның өртелуіне қатысты Швецияның сенімді өкілін шақырды. Дания үкіметі де өз кезегінде өрт қоюды "арандатушылық" деп айыптады, бірақ демонстранттарға тосқауыл қоюға құқығы жоқ екенін айтты.

Айта кетейік, соңғы бір айда көршілес Швецияда да осындай екі оқиға орын алған еді.

Маусым айының соңында Стокгольмнің орталығында ер адам қаланың бас мешіті ғимаратының жанында Құранды жыртып, өртеп жіберген. Акция Исламдағы басты діни мерекелердің бірі Құрбан айттың бірінші күні өтті. Белгілі болғандай, бұл шараға Швеция полициясы рұқсат берген.

Швеция полициясы 20 шілдеде Стокгольмдегі Ирак елшілігінің алдында Құран мен Ирак туы өртенген наразылық шарасын өткізуге рұқсат берді. Осыдан кейін жүздеген адам Бағдадтағы Швеция елшілігіне басып кіріп, ғимаратты өртеп жіберген. Ирак полициясы наразылық білдірушілерді тарату үшін су атқыштар мен дыбыс сөндіргіш мылтықтарды пайдаланды. Дипломатиялық миссияның ешбір қызметкері зардап шеккен жоқ. Содан кейін Ирак Швециямен дипломатиялық қарым-қатынасын үзетінін жариялады.

Бұл оқиғалар әлемнің бірқатар елдерінің де қарсылығын тудыруда. Бірнеше елдің сыртқы істер министрліктері Еуропа елдерінде Құранды өртеудің бірінші оқиғасы емес екеніне алаңдаушылық білдіріп, мұндай арандатушылық әрекеттердің алдын алуға шақырды.

АҚШ

Мемлекеттік департамент өкілінің орынбасары Ведант Пател АҚШ діни мәтіндерді өртеп жіберуді құрметсіздік деп санайтынын айтты. Дегенмен, бұл Вашингтонның Швецияның Солтүстік Атлантикалық альянсқа кіруіне қатысты ұстанымына әсер етпейтінін жеткізді.

Ресей

Ресей Құранға және мұсылмандардың діни сеніміне үлкен құрметпен қарайды. Ресей Федерациясында бұл қасиетті кітапты құрметтемеу – қылмыс. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин "Жұма" мешітіне барған кезде айтты.

Иран

Иран мұсылмандар үшін қасиетті саналатын кітапты қорлау әрекетін қатаң айыптады.

Иран Сыртқы істер министрлігінің ақпарат хатшысы Насер Канани Еуроодақ елдерінің билігінен болған оқиға үшін жауап беруін сұрап, исламға қарсы арандатушылықтарға жол берілмейтінін мәлімдеді.

 

Сауд Арабиясы

Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі де мәлімдеме жасады. 

"Швеция мен Дания астанасындағы әрекеттер нәсілшілдіктің көрінісі және оларды ақтауға болмайды. Мұндай әрекеттер толеранттылықты насихаттауға бағытталған халықаралық күш-жігерге қайшы келеді. Сондай-ақ түрлі халықтар мен елдер арасындағы қарым-қатынасқа кері әсерін тигізеді", – деді.

Иордания

Иорданияның Сыртқы істер министрлігі өшпенділік тудыратын әрекеттерден бас тартуға шақырды. 

"Құранды өртеу –  өшпенділік және исламофобияның көрінісі. Бұл зорлық-зомбылық пен дінді қорлау. Одан да әлемді бейбітшілікке шақырып, экстремизмге қарсы тұруға бағытталған күш-жігерді нығайтайық", – деді Иорданияның Сыртқы істер министрлігі.

Аталған оқиғаға қатысты Қазақстан билігі де өз мәлімдемесін жасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде Құранды өртеу әрекеттерін әлемдегі шиеленісті күшейтуге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет деп санайтынын жеткізді.

“Бұл – мемлекеттер мен халықтар арасында рұқсат етілмеген арандатулар. Діни вандализм мен кей мемлекеттердің азаматтары тарапынан жасалған әрекеттер жалпыға бірдей танылған нормаларға қайшы келеді. Мұндай акциялар бірауыздан айыпталуы тиіс”, – деді Тоқаев. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Даниядағы Мысыр елшілігінің алдында тағы да Құранды өртегені және Тоқаевтың Еуропа елдеріндегі Құран өртеу акцияларына қатысты пікір білдіргені туралы жазған едік. 

Талқылау