Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ЕУРО-2024: Испания Грузияны тас-талқан етсе, Англия Словакияны әрең ұтты

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының ширек финалына шыққан құрамалар анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Gettyimages.ru/

Еуро-2024 турнирінің 1/8 финалы аясында Испания мен Грузия құрамалары және Англия мен Словакия ширек финалға жолдаманы сарапқа салды. Испания құрамасы "Рейн-Энерги" стадионында өткен матчта грузиндерді тас-талқан етіп жеңіп, ширек финалға шықты. Матчтың 17-минутында Робен Ле Норман өз қақпасына гол соғып, грузиндер есепте алға шыққанымен, артынша қақпаларына 4 гол жіберіп алды. Родри 39‑минутта есепті теңестірсе, 51-минутта Фабиан Руис командасын алға шығарды. Одан бөлек Нико Уильямс пен Даниэль Ольмо да көзге түсіп, Грузия құрамасын ірі есеппен ұтты. Осылайша Испания құрамасы ширек финалға жолдама алды.

Ал "Фельтинс-Арена" стадионында Англия мен Словакия құрамасы өзара мықтыны анықтады. Гарет Саутгейт баптайтын Англия құрамасы Франческо Кальцонаның шәкірттерін әрең ұтты. Ойынның 25-минутында Словакия құрамасының ойыншысы Иван Шранц есеп ашып, құрамасын алға шығарды. Словактар сол есепті 90 минут бойы ұстап тұрғанымен негізгі таймға қосылған қосымша уақытта ағылшындар есепті теңестіріп қана қоймай, жеңісті жұлып әкетті. 90+5 минутта Джуд Беллингем есепті теңестірсе, экстра-таймның алғашқы минутында Харри Кейн жеңіс голын соғып, Англия құрамасын сенсациялық жеңілістен сақтап қалды. Сөйтіп Словакия құрамасын әрең ұтқан ағылшындар ширек финалға жолдама алды.

Айта кетейік, Испания құрамасы ширек финалда Германияға қарсы ойнаса, Англия Швейцария құрамасымен кездеседі.    

Талқылау