Енді мемлекеттік мектеп пен колледждер жеке меншікке берілмейді
Мемлекеттік меншіктегі мектеп пен колледждерді жеке меншікке беруге тыйым салынады. “ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын таныстырған Асхат Аймағамбетов осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Депутат бұл өте маңызды норма екенін атап өтті.
“Заң жобасында мемлекеттік меншіктегі мектеп пен колледждерді жеке меншікке беруге тиым салатын норма бар. Бұл өте маңызды норма. Сәйкесінше, енді барлық мемлекеттік білім беру мекемелері жекешелендіруге жатпайтын болады”, -деді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, еңбек нарығы жылдам өзгеріп, жаңа практикалық дағдылырды қажет етіп отыр.
“Біздің колледждер мен университетер, оқуды аяқтаған студенттерге диплом мен әр пән бойынша бағалары көрсетілген қосымша ақпаратты береді. Бірақ ол бүгінгі таңда жеткіліксіз ақпарат. Осыған орай қазір берілетін диплом мен транскриптке қоса, арнайы оқу барысында игерген нақты құзыреттіліктері мен дағдылары туралы ақпарат беретін құжат беру құзыреттілігі де жобада қарастырылып отыр”, -деді депутат өз баяндамасында.
Еске салайық, бұған дейін Асхат Аймағамбетов мектеп, аурухана мен балабақша салынбаған аудандарға көп қабатты үйлер салуға тыйым салынатынын мәлімдеген болатын.