Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлихан Бөкейханов деген кім? "Алаш" көсемінің өмірбаяны

Қазақ азаттығы үшін күрескен ұлы қайраткер Әлихан Бөкейханов Ленинмен бірге университетте оқып, емтиханды одан үздік тапсырған. Алаштың ұлы көсемі XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының арасынан қандай тұлғалық қасиетімен ерекшеленді? Ұлт қайраткері қазақ үшін не істеді? Бұл жайлы Stan.kz ақпарат агенттігі сыр шертетін болады.

XX ғасырдың басында ұлт тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов 1866 жылы 5 наурызда қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Молдадан әліпби үйреніп, одан кейін 3 жылдық мектепте оқыған ол Омбының техникалық училищесін, Петербор университетінің заң факультетін тәмамдаған. 

Әлихан Бөкейханұлының саяси қызметі Омбыда «Халық бостандығы» партиясына мүше болған кезден басталды. Әлихан Бөкейханұлы бастаған Алаш қайраткерлерінің ұлы арманы – қазақ мемлекетін құру болды. 1917 жылы шілде айында Орынборда өткен бірінші жалпықазақтық съезінде Алаш ұлттық саяси партиясы заңдастырылды. Бұл Алаш үкіметін құруға жасалған негізгі қадам еді. Совет үкіметі орнағаннан кейін Әлихан Бөкейханов қуғыннан көз ашпады. Ұлтшыл деген айып тағылып, Мәскеуге жер аударылды. Сонда да қазақ мемлекетінің тұтастығын сақтап қалу жолындағы күресін тоқтатпай, мақалалар, баяндамалар жазған Әлихан Бөкейханов ақыры 1937 жылы ату жазасына кесілді. 

Тарихшылар Әлихан Бөкейханов қазақ өміріне зиялылар қозғалысын алып келгенін айтады. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің айтуынша, зиялылар қозғалысы бұрын-соңды қазақ өмірінде болған емес. Ол Әлихан Бөкейханов бастаған зиялылар қазақ қоғамын өзгертті, қазақ қоғамын жаңа сапаға көтерді дейді.

«Олар газет-журналдар шығару арқылы 2 млн тиражбен кітап шығарды. Қазақ зиялылары өмірге әкелген осы ағартушылық қызметтің негізгі нәтижесі – азаттық идеологиясын өмірге әкелуінде. Азаттық идеологиясын әкелу арқылы қазақ қоғамын жаңа идеямен қаруландырды. Ал, ағартушылық жүрген жерде ұлтшылдық жүреді. Яғни, Әлихан Бөкейханов бастаған зиялылар тобы өмірге қазақ ұлтшылдығын алып келді. Ұлтшылдық деген қорқатын нәрсе емес, ол сол кездегі әлемдік құбылыс болатын», - дейді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев.

Тарихшының сөзінше, Әлихан Бөкейханов ұлтсыз халықты жетім халық деп көрген. Мемлекеттілігі жоқ халықты жетекшіл халық деген. Сондықтан, Бөкейханов қазақтың 2-3 ғасырлық отаршыл өмірін қорыта келе, қазақ мемлекеттігін қалыптастырмай, қазақ халқын отаршылдықтан азат ету мүмкін емес деген тұжырым жасады. 
Ал, сол кездегі кесек тұлғалардың ішінен Бөкейханов қандай тұлғалық қасиетімен суырылып көсем болып шықты десек, оның бірнеше себебі бар.

Емтиханды Лениннен асып тапсырған қазақ: Қайраткер Әлихан Бөкейхан қандай қасиеттерімен белгілі

«Әлихан Бірінші орыс революциясы кезінде өзін барынша танытты. Бұған дейін ол үлкен ғалым, жер мәселесінің білгірі ретінде көп танылған болатын. Сол кезде 1-ші революцияның қарқынымен көптеген жиналыстар өткенде Бөкейханов оларға белсенді қатысып жүрді. Ол бірінші дума кезінде түрмеге түсіп шықты. Содан бастап ол еуропалықтармен бірігіп, жаңа күрес жолына түсті. Оның үстіне ол масондарға жақын болды. 1918 жылы алғашқы масондардың қатарына кірген де Әлихан Бөкейханов болатын. Міне, мосандардың мүшесі болуы, кадет партиясына кіруі оның күрестің еуропалық жолын таңдағанын көрсетеді. Бұл кезде қазақ зиялылары әлі ол жолға түскен жоқ. Соның ішінде Әлихан Бөкейханов еуропашылдығымен көзге түсіп, соңынан жастарды ертіп жүрді», - дейді тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбай.

Емтиханды Лениннен асып тапсырған қазақ: Қайраткер Әлихан Бөкейхан қандай қасиеттерімен белгілі

Сол кезде оқыған жастардың бәрі «Әлиханшыл» болды. Өйткені, оның үлгі-өнегесі, ұстанымы жастарға дем берді. 

Ал революцидан кейін кадеттер өздерінің 7-ші съезін өткізгенде Әлихан Бөкейханов орталық комитеттің мүшесі болып сайланды. Сонда кадеттер билікке келді. Олардың ұстанымы, кешегі империяның орнына демократиялық республика орнату болды. Ол ұстанымды Әлихан да қолдады. Бірақ, автономия құратындай қазақтар арасында кадр жоқ екеніне көзі жеткен Бөкейханов кадет басшылығынан шығуға мәжбүр болады. Өйткені, кадеттердің ұстанымы қазақтардың мүддесіне сай келмеді. Бұны түсінген ұлт көсемі таза қазақы – Алаш партиясын құру жолына түседі. Осыны жасауда ол бүкіл қазақ зиялыларының басы болды.

Емтиханды Лениннен асып тапсырған қазақ: Қайраткер Әлихан Бөкейхан қандай қасиеттерімен белгілі

Кейіннен Ташкенттің жандармерия қорында Бақытжан Қаратаевтың 1910 жылы Әлихан Бөкейхановқа жазған хаты табылды. Сол хатта Қаратаев: «Әлихан бізде зиялылар жоқ емес, бар. Бірақ, сол зиялылардың арасында «ұлтқа қызмет жасап жүрмін» деп айтуға сенің ғана хақың бар» деген екен. Ал, сол Бақытжан Қаратаев 1910 жылы, револоцияға дейін Бөкейхановтың азаттық қозғалыстағы жетекші рөлін мойындаған болатын.

«Алаш қозғалысы – қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. Ал қазақ ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы  қоғам мойындаған, ұлт мойындаған Әлихан Бөкейханов болатын. Ол өйткені, ұлт-азаттық қозғалыстың концепциясын, бағдарламасын жасады, ұстанымын қалыптастырды. Ал, бұл үлкен көшбасшылық еңбек», - дейді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев.

Әлихан да Ресей империясының өзін түбегейлі саяси реформаламай қазақ немесе басқа мұсылман халықтары ешқашан өзін-өзі басқару құқығына қол жеткізе алмайтынын түсінді. Сол себепті, ол кадет партиясына, масон ұйымына кірді. Бірақ, ғалымдар Бөкейханов не себепті еврейлердің ұйымына кірді деп таңғалады.

Емтиханды Лениннен асып тапсырған қазақ: Қайраткер Әлихан Бөкейхан қандай қасиеттерімен белгілі

«Өйткені, 20 ғасырдың басында Ресейдегі масон ұйымы саяси масондық болды. Алдына бір ғана мақсат қойған. Яғни, самодержавалық билікті құлатып, Ресейді демократиялық-парламенттік республикаға айналдыру»,-  дейді филология ғылымдарының кандидаты Сұлтан Хан Аққұлұлы.

Міне, Бөкейханов сол Ақпан төңкерісінен кейін 1917 жылы шілде айында 1-ші жалпықазақ съезінде кадет партиясынан кететінін айтады. Өйткені, ол кадет партиясымен тарихи маңызды 3 мәселе бойынша қарама-қайшылыққа келді. Оның біріншісі, кадет партиясы шіркеу мемлекетке     бағынсын деді. Екінші мәселе, кадет партиясы қазақ автономиясын құруға қарсы екендерін білдірді. Ал үшіншісі, кадет партиясы жерді жеке меншікке беруді қолдайтындарын жеткізді. Яғни, Бөкейханов әр қазаққа жерді жеке меншікке беретін болса, онда олар башқұрттардың кебін киіп, көрші орысқа жерін сатады да, ертең құр алақан қалады деп қорықты. 

«Әлихан қазақты жерге отырғызуға қарсы болған жоқ. Оның қазақты бірден күшпен жерге отырғызуға қарсы болу  себебі, өйткені қазақ көшпенді болып қала берсе экспедиция жасаған норма бойынша көшпенді қазаққа жер көбірек берілетін еді. Ал, отырықшы болсаң, орыстың келімсектеріне берілгендей әр жан басына, онда да ер адам басына 15 деситинадан ғана жер береді. Сонымен қалған жерден айырылып қаласың. Сонда Әлихан отырықшы боламын деп, 15 деситина жер аламын десең, қазақ айналайын ал. Бірақ, сол 15 деситинаға мал бағамын десең, адасқаның дейді», - деді филология ғылымдарының кандидаты Сұлтан Хан Аққұлұлы.

Саяси тұлғасынан бөлек Әлихан Бөкейхановтың сол кездегі рухани кеңістіктегі де орны зор болды. Біріншіден, ол 20 ғасырдың басында Ленин, Троцкий, Керенский бастаған Ресейдің саяси элитасымен тең дәрежеде араласқан адам. 

Емтиханды Лениннен асып тапсырған қазақ: Қайраткер Әлихан Бөкейхан қандай қасиеттерімен белгілі

«Әлихан Бөкейханов Ленинмен бірге университетте оқып, эмтиханды экстернмен одан үздік тапсырған. Бөкейханов төре тұқымы болғандықтан, төреге сай саяси емес, тек агрономдық оқуды ғана оқуға құқылы болды. Төре тұқымы болып, қанша маңдайы жарқырап тұрса да, ресей импероторлығы ормантанушы болып жүрсін деген рұқсат берген», - дейді филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова.

Бірақ, Әлихан Бөкейхан 19 жасында Санкт-Петербургке барғанда Ленин, дворяндар оқып жүрген императорлық университетті құқықтану саласы бойынша оқып, өзі дайындалып, олардан үздік оқып, емтиханды бәрінен үздік тапсырып, Ленинмен танысқан. Ленинмен, Троцкийлармен солай жолдас болған жан. 

«Өмір бойы осындай саяси элитамен таныс болған, даладан келген 19 жасар қазақ баласы осы достығын 1920 жылы қазақтың қазір біз айтып отырған шекарасын бекіту үшін өзінің жеке Ленинмен достығын, дворяндық, ақсүйектік қарым-қатынастарында өз азаматтық-саяси тұлғалығын әбден мойындатқан тұлға ретінде көрсетті. Соны қара басының қамы үшін жасамады. Ол 24 тамызда Кремльдегі Ленин мен Сталиннің алдындағы баяндаманы өзі әзірлеп, 29 жастағы математик Әлімхан Ермековтың аузына бәрін салып берген. Бүкіл қазақтың жері, мына Батыстың жері, әне молалары жатыр, мынау Омбы бастаған орта жүздің жері, мына жақ Жетісу өңірінікі деп,  кімдердің қайда жатқанын зираттарымен көрсетіп, бәрін дәлелдеп берген. Мына жақ Ташкент, ол жақта Төле би жатыр деп, қазақтың жері екеніне дәлел келтірген. Міне, осының бәрін дәлелдеген ғылыми баяндаманы Ленин мен Сталинге мойындауға мәжбүр етіп, ғылыми, саяси негізін қалап берген Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары еді»,- дейді филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова.

Емтиханды Лениннен асып тапсырған қазақ: Қайраткер Әлихан Бөкейхан қандай қасиеттерімен белгілі

Әлихан Бөкейханов бастаған қазақтың тұңғыш саяси элитасы қазақтың шекарасын қан майдан соғыссыз, тұңғыш рет қазақ тарихында біліммен, саяси көзқарастарын бекітіп берді. Мәселен, қазір біз өмір сүріп жатқан қазақ жерін сақтап қалу үшін Абылайхандар қанша соғысты, Кенесарының осы үшін басы шабылды. Ал, Әлихандар бастаған қазақ элитасы Ресейдің бүкіл саяси элитасымен тіл табысып, қазақтың шекарасын анықтап алу үшін, қазақ тіліндегі ғылымды қалыптастыру үшін қарусыз күрес жүргізіп, ақыры қазаққа ата-жұрты мекен еткен қасиетті жерінің шекарасын бекітіп кетті.

Ол бірінші шекарасын біріктіріп алып, екінші қазақ тіліндегі ғылымды қалыптастыруды мақсат етті. Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрімдерге нақты тапсырма беріп, мынаны жазыңыз деп кеңес беріп отырды. Тіпті, қазақ жерінде «Қозы Көрпен – Баян сұлу» бастаған бүкіл эпосты жинап жүрген Радловтың кітабын Мәскеуден шығарып берген де Әлихан Бөкейханов еді. 4 ғасыр қазақтың тарихи тұлғаларын жоқтаған «Қазақ жоқтаулары» деген кітапты да 1926 жылы Әлихан Бөкейханов Мәскеуде шығарып отыр. Совет үкіметі қазақтың тарихы жоқ деп жатқанда, Бөкейханов сонау Абылайханнан бастап Қазыбек би, Кенесарыны жоқтаған халықтың жоқтауларын кітап етіп шығарып береді. Себебі, қазақтың тарихы жазылған жоқ. Бірақ, Бөкейханов тарих жазылмаса да мына толғаулар, жоқтаулар арқылы ел өзінің кім екенін білсін деп, осы кітаптың жарыққа шығуына көмектеседі.

Емтиханды Лениннен асып тапсырған қазақ: Қайраткер Әлихан Бөкейхан қандай қасиеттерімен белгілі

Әлихан Бөкейхановтың қазақ қоғамына, экономикасына, жалпы руханиятына жазбаған еңбегі, қамтымаған тақырыбы қалған жоқ. Оның ішінде, ең алғаш қазақ тарихын жазған 1903 жылы Санкт-Петербургта шыққан «Исторические судьбы киргизского края и его курльтурные успехи» деген еңбекте-ақ қазақ тарихы жазылып кеткен. Екіншіден, Лондонның Оксфорд универсиетінде 1985 жылы шыққан Әлихан Бөкейхановтың «Қырғыздар» яғни, қазақтар деген очеркі бар. Онда қазақтың ежелгі тарихынан бері қарай шаруашылығы, мәдениеті толықтай сипатталып жазылған. 1985 жылы, Кеңес Одағы ыдырамай тұрып қазақ деген халық бар екенін, олардың кім екенін, қайдан шыққанын, тарихын Әлихан Бөкейхановтың «Қырғыздар» атты очеркінен оқып білді. Қайраткердің осы еңбегін Оксфорд университеті қайта басып шығарып отыр.

Сонымен қатар, қазақтың көне мал шаруашылығы, төрт түлік мал туралы тізбектеп жазылған 4 монографиясы да бар. Бұдан бөлек, 1908-10 жылдары Санкт-Петербургта шыққан «Жер иелену, жерді қалай игерді, қалай егін егіп, мал бақты» деген тақырыпта жазылған керемет шығармалары бар. Қайраткер кеңес дәуірінде қазақтың әдебиетіне, мәдениетіне көп үлес қосты. Әлихан Бөкейханов 20 ғасырдың басындағы нарықтық экономиканы терең түсіне білген бірден-бір экономист ғалым болды. Ұлт көсемінің ғылым саласында қамтымаған тақырыбы жоқ. Ол қазақтың педагогикасы мен психологиясын, салт-дәстүрін ұстана отырып, Еуропаны қуып жету керек деген идеологияны анықтап берген тұңғыш саяси тұлғамыз.

Талқылау
Пікір
Мухамадиева Мария Слямбеккызы
18 Нау, 21 жыл - 09:03

Мақаланы оқып шығып, риза боп отырмын. Біз біле бермеген деректер қысқа да нұсқа берілген екен. Рахметімді жеткізгім келеді. Бір өкініштісі, мақала авторы көрсетілмеген. Мен өзімнің жұмыс барысымда осы мақалаға сүйеніп, Бөкейханов жайлы айтпақ едім, енді кімге сүйенерімді білмей отырмын. Stan.kz сүйену - тым жалпылама... Сол үшін авторға сілтеме жасаған әділді болар еді...