Эльвира Әзімова кейбір сотта бала асырап алушылардың өтініші заңға қайшы нормамен қараусыз қалдырылып келгенін мәлімдеді
Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова биылғы 5 ай аралығында 3 мыңға жуық азамат сот шешімімен келіспейтінін айтып, жүгінгенін мәлімдеді. Ол қатарда бала асырап алушылар өтініштері де бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Эльвира Әзімованың айтуынша, кейбір соттарда бала асырап алушылардың өтінішін Конституцияға қайшы нормаға сүйеніп, қараусыз қалдырып келген.
“Құқық қолдану практикасы көрсетіп отырғандай, бекітілген тетіктер осы конституциялық құқықты әрдайым толыққанды іске асыруға мүмкіндік бермейді. Атап айтқанда, Конституциялық сот азамат сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баж мөлшері ақылға қонымды, негізделген және мөлшерлес болуға тиіс деп атап өтті. Сондай-ақ, оңайлатылған тәртіппен бала асырап алу туралы сотқа арыз берген кезде молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысы болу міндеттілігі туралы қосымша императивтік талап конституциялық емес деп танылды. Соттар үшін мұндай қорытындының болмауы азаматтың арызын қараусыз қалдыруға негіз болған. Рәсім мемлекеттік органдар мен соттардың бала мүдделерін барынша қамтамасыз ету міндетіне сәйкес келмейді. Бұл – Қазақстан ратификациялаған Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы конвенциясының талабы”, - дейді Конституциялық сот төрағасы.
Сондай-ақ, ол соңғы бес айда үш мыңнан астам азаматтың конституциялық құқықтарын қорғауға жүгінгеніне де тоқталды.
“Бұл цифрлар азаматтардың жаңа органға деген жай ғана қызығушылығының дәлелі болып табылмайды, өтініш берушілердің әрқайсысының өз құқықтарын қорғау ниетін растайды. Бұл ретте заңнамада Конституциялық Сотқа жүгінгенге дейін құқықтық қорғаудың барлық басқа құралдарын қолдану туралы талап жоқ. Азаматтар Конституциялық Сотқа жүгіне отырып, әділдік пен заңдылықты орнатуға жәрдемдесуде”, - дейді Эльвира Әзімова.
Төраға келіп түскен өтініштердің шамамен жартысы (41%) сот шешімдерімен келіспеуге қатысты екенін айтты.
"Акушерьге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады
