Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде мобильді аударым арқылы 300 мың теңге алғандардың есепшоты тексеріле ме

300 мың теңгені картаға аудару фискалдық органдардың қазақстандықтарды тексеруіне негіз бола ала ма? Сұраққа Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру департаментінің басшысы Дина Құсайынова жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Life

Құсайынованың айтуынша, үш айда 100-ден астам түрлі тұлғалардың ақша аударуы ғана тексеруге негіз бола алады. Бір аударым тексеруге жатпайды дейді. 

"Алдағы үш айда ай сайын 100 және одан да көп адамнан жалпы сомасы ең төменгі жалақының 3 еселенген мөлшерінен асатын (2025 жылы 255 000 теңге) аударым алған жағдайда тексеріледі. Бұл отбасы мүшелеріне де әсер етуі мүмкін. Ай сайын үш ай қатарынан белгілі бір мөлшерден көп аударым болса, тексеріске бағынасыз", – деді басқарма басшысы.



Құсайынова 2025 жылдан бастап салық органдарына жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар және олардың жұбайлары туралы мәліметтер банктерден берілетінін айтты.

"Бұл шара жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған. Өйткені көптеген кәсіпкерлер тауарлары, жұмыстары және қызметтері үшін төлемді кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шоттарына мобильді аударымдар арқылы алады. Сонымен қатар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеу құқығы бар жеке тұлғаларға қатысты қолданыстағы критерийлерге өзгерістер енгізіліп жатыр", – деді Құсайынова.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударымдарға лимит бойынша енгізілетін жаңа талаптар туралы айтқан еді. Айтуларынша, жаңа түзетулер күшіне енгеннен кейін қазақстандықтардың үш айдағы мобильді аударымдарының саны 100-ден асқан жағдайда ғана жеке тұлғалардың мобильді аударымдары тексеріледі. Түскен ақшаның жалпы сомасы 255 мың теңгеден аспауы керек.

Талқылау