Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық экономика министрі: Мен қазақстандықтардың орташа жалақысы 275 мың теңге екеніне сенемін

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қазақстандықтардың орташа жалақысы 275 мың теңгеге жеткеніне сенетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап. 

Жуырда Ұлттық статистика бюросы елде орташа жалақы 275 мың теңгені құрағанын мәлімдеді. Алайда әлеуметтік желіде қазақстандықтардың басым бөлігі мұндай жалақы алмайтынын айтып шағымданды. 

Ал бүгін мәжіліске "Ауыл – ел бесігі" жобасы бойынша баяндама жасауға келген ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл статистикаға сенетінін айтты.

"Бізде статистика халықаралық стандарттар бойынша қалыптасады. 250 мың теңге – бұл орташа жалақы ғой. Кейбір қызметкерлер бірнеше миллион теңгеден астам жалақы алады. Енді бірі ең төмен жалақы алады. Сондықтан орташа жалақы осылай шығып тұр. Мен бұл статистикаға сенемін", – деп жауап берді Қуантыров. 

Ол халықтың өмір сүру сапасы әртүрлі екенін атап өтті. Оның айтуынша, инфляция әсерінен азаматтардың табысы төмендеп жатыр. Сол себепті бұл мәселені жүйелі түрде шешу керек. Бірақ ұлттық экономика министрі ауыл халқы айына қанша жалақы алатынын айта алмады.

"Мен оны айта алмаймын. Бірақ ауылдың табысы қаланың табысына қарағанда төмен. Қазір біз бүкіл Қазақстан бойынша табысты арттыруымыз керек. Тиісті бағдарлама бар. Сол бойынша жұмыс жүргіземіз", – деді ведомство басшысы.

Осы орайда ұлттық экономика министрі қазақстандықтарға ерінбей, ақша табудың жолдарын іздеуге кеңес берді.

Талқылау