Шыңжаңдағы мешітті дәретханаға айналдырған: Қытай мұсылмандардың ғибадатханалары мен зираттарын бұзып жатыр
Қытайдың Шыңжаң ауданында мұсылмандар мешіттері, зираттары жаппай сүрілуде. Тіпті олардың кейбірі бүгінде дәретханаға айналған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі The Telegraph басылымына сілтеме жасап.
Фото: Rian Thum
Бүгінде Қытай билігі жергілікті этникалық ұлттарға қатысты діни және мәдени орындардың барлығының көзін құртуды мақсат еткен. 2018 жылы Аустралия стратегиялық саясат институтының жерсеріктен түсірген суретке сәйкес Хотанда жаңадан басталған құрылыс нысанының орнында мешіт болғаны анықталды.
"Қытай үкіметі этникалық халықтардың сенімі мен салт-дәстүрін партиялық басқаруға қарсы қауіп деп танып отырғанын байқауға болады. Бұған мысал – қытайлықтардың Бейжің мен Шыңжаңдағы мәдениет пен дін көрінісін түбегейлі жойып жатқаны. Бұл жақта ұйғыр болып туылсаң, қытай халық партиясының дұшпанына айналасың", – дейді аустралиялық ғалым Натан Русер.
Институт мәліметінше, Шыңжаңда 2017 жылдан бастап Қытай саясатының нәтижесінде 16 000 мешіт сүрілген. Бұған қоса, Ислам дініне қатысты ғибадатханалар, зираттардың 60%-ының тас-талқаны шыққан. Ал тұрғындарға туыстары жерленген жерге барып, дұға оқуға тыйым салыныпты.
- "Ассалаумағалейкүм" деп айтудан қалдық": Қытайдағы этникалық қазақтар мен ұйғырларды қанау туралы жаңа баяндама жарияланды
- Еуропа алғаш рет Қытайдағы ұйғырларға "геноцид" жасалып жатқанын мойындады
Қазіргі таңда жергілікті халық үшін қасиетті саналатын Асим имам мазары қаңырап қалған. Мұнда мінәжат ету үшін мұсылмандар шөл даланы кезіп, бірнеше күн бойы жүріп келген екен. Шыңжаң мұсылмандары бұл жерге үш рет аяқ бассаң, бір рет Меккеге барғанмен тең деп санайды екен.
"Қытай коммунистік партиясының озбыр саясатына дейін мазарға адамдар мың-мыңнан келетін. Бұл – ұйғырлар үшін үлкен маңызы бар орын. Ал оны жермен-жексен ету – ұлтты жоюмен бірдей", – дейді ұйғырлардың қасиетті орындарын зерттеуші, Манчестер университетінің оқытушысы Риан Тум.
Қазірде ғибадатханалардан бөлек, Хотанда жексенбілік базарда жабылған. Бұған дейін бұл сауда орны қаладағы ең шулы, адам таусылмайтын жерлердің бірі болған деседі.
Фото: Lorenz Huber
Қашқардағы мешіттер де қаңыраулы күйде қалған. Олардың бірін, тіпті тұрғындар қоғамдық дәретханаға айналдырған. Діни жазулардың барлығы қара түспен боялған.
Шыңжаңда қазір дұға етумен қоса, ерлерге сақал өсіруге, әйелдердің басына орамал салуына тыйым салынған. Ұйғыр тілінде жарияланатын кітаптардың тақырыбы ауылшаруашылығы, тамақ дайындау, бау-бақша тақырыптарына арналған. Дін мен мәдениет туралы жазуға қатаң шектеу қойылған.
Десек те Қытай үкіметі мешіттердің жаппай сүрілуін жоққа шығарды. Айтуларынша, негізінен ескі мешіттерді жаңарту қолға алынған. Үкімет басындағылар Қашқарда туристердің көзайымына айналған Афак Қожа кесенесі мысалға келтіреді.
Ал Хотанда мешіт орнына Hilton қонақүйін салуды жоспарлаған мекеме бұл жер сатып алынған кезде бос болғанын жеткізді.