Дильназ Ахмадиева: Бірінші күйеуім көзіме шөп салды
Дильназ Ахмадиева опасыздықты кешіре алмайды. Оған өзгенің ойы мен сөзінен өз өмірі маңызды. Ал, опасыздықты бастан кешкендерге сол жерде қоштасуға кеңес береді.
Дильназ Ахмадиева бүгінді аяулы жар, ардақты ана. 39 жасында ана атанған әнші бұл бақытты 20 жыл күткенін айтып, жар салды. Бұл туралы "Без монтажа" бағдарламасында айтылды.
Әнші өзінен 5 жас кіші әншіге тұрмысқа шықты. Бірінші некесі сәтсіз аяқталғанымен, өзіне деген сенімділігін жоғалтпаған. Себебі өмір бір рет қана беріледі. Сондықтан оны жақсы өмір сүру керек дейді.
"Опасыздық, көзге шөп салу деген адамдағы махаббаттың бір бөлшегін өзімен ала кетеді. Опасыздық жасаған адам - сені сатып кеткен адам. Оның басқа түсіндірмесі жоқ. Басқасы ақталу ғана. Саған опасыздық жасады ма, сол уақытта оны жайына жібер. Менің ұстамымым осындай. Мен бойдақ кезімде де, тұрмыста та опасыздықты бастан өткерген адаммын. Бірінші күйеуімнің көзіме шөп салғаны рас. Сол уақытта-ақ онымен қоштасып кете бардым. Себебі ол менікі емес. Мені қажет еткен адамның басқаға назары аумайды. Сондықтан оны жайына жіберіп, өзің бақытты өмір сүр", - деді әнші.
Ахмадиева әсіресе ене мен қайын жұрттың ақылын тыңдаудан аулақ болуға шақырады. Ана мен қыз арасында неке жайлы әңгіме болмауынан, қыз бала өз бағасын білмейді дейді.
"Енең барлық кезде баласын қорғайды. Баласын жақтайды. Туыстары да. Жақсы әйелден күйеу кетпейді деп өзіңді сөгеді. Мұндай далбаса әңгімені естіме. Сені алдаған адам ешқашан түзелмейді. Сені ұрған адам ертең де ұрады. Опасыз адам сол тірлігін жалғастырады. Бала-шағам бар, ажырастым деген атқа қалам деген арзан ой. Елдің сөзі ең арзан тауар. Саған сенің өмірің маңызды. Өзің қалаған адаммен өмір сүр. Өзің қалаған адамды жақсы көр. Елдің сөзі үшін сүймейтін адаммен бірге тұрма. Өмірді басынан бастай алмайсың. Өмірде дубль жоқ. Қатесіз сүре алмайсың: Сондықтан бақытты етуге тырыс", - деді Ахмаждиева.
Дильназ ханым әйелдерге қол көтеруге, әйелді ұруға болады дегендерге түбегейлі қарсы.
"Ешкімнің сені ұруына жол жоқ. Ешкімнің саған моральді түрде зиян тигізуге құқығы жоқ. Әйелдерді ұру керек деген адамның мұрнынан басқаны көрмейтін төмен деңгейлі жандар", деді ол.