Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның бұрынғы индустрия вице-министрі 7 жылға сотталды

Астана соты индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұрынғы вице-министрі Тимур Тоқтабаевқа қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: primeminister.kz

Айыптау қорытындысына сәйкес, вице-министр өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, тікелей келіссөздер жүргізіп, министрлік атынан өзі жетекшілік ететін АҚ-мен Қостанай облысындағы кен орнында пайдалы қазбаларды барлауға келісімшарт жасасқан. Кен орны мемлекетке 40,6 миллиард теңгеден астам табыс әкеледі деп күтілген.

Келісімшарт еншілес компанияға кейіннен жер қойнауын пайдалану құқығын заңсыз беруді көздеген. Тимур Тоқтабаевтың осы ЖШС-де сенімхат арқылы 20 пайыздық үлесінің болғаны анықталды.

Кейін вице-министр кәсіпорындағы осы 20 пайыздық үлесін үшінші тұлғаларға сатып жіберген, 10 пайыздық үлесінің құны 425 миллион теңгеге бағаланған.

"Сотталушы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды", – делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау