Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл жеке шекараны өрескел бұзу": Ирандық әйелдер пәктігін тексеруге қарсы наразылықтарын үдетті

Өте консервативті әрі жабық ирандық қоғамда қызды тұрмысқа шыққанға дейін пәк ұстау қыздардың көпшілігі мен олардың отбасылары үшін маңызды жүйенің құрамдас бөлігі саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) бұл әрекетті адам құқығын бұзу деп санағанына қарамастан, кейбір азаматтар қалыңдықтың некеге дейін пәктігін растайтын медициналық дәлелді талап етеді. Алайда соңғы кездері мұндай тексерулерге ашық қарсылық білдіріп жатқан ел тұрғындарының саны күн санап артып келеді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

"Пәк емес екеніңді жасырып, мені өзіңе арбап үйлендіріп алдың! Егер шындықты білгенде саған ешкім үйленбес еді", - деп айқайлаған Мариямның күйеуі неке түнінен кейін төсеніштен қан ізін таппаған соң.

Мариям күйеуінің алғашқы азаматы екенін айтып, қанша сендірмек болғанымен ол сөзіне құлақ аспай, пәктік фактісін растайтын медициналық анықтама беруді талап еткен.

Бұл Иранда күнделікті жағдайға айналған. Қыздардың көпшілігі екіжақты келісімнен кейін дәрігерге барып, тиісті құжатты алуға өтініш береді. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша "қыздық куәлігінің" ғылыми медициналық негізі жоқ. Мәселен, кейбір қыздарда алғашқы неке түнінде қан болмауы мүмкін.

"Бұл менің ар-намысыма ауыр тиді. Менің еш кінәм болмағанына қарамастан күйеуім мені балағаттай берді. Ақыр соңында мен бұған шыдай алмадым да өз-өзіме қол жұмсау үшін көп дәрілер қабылдадым", - деп еске алады Мариям.

Мәриямды дер кезінде ауруханаға жеткізіп, аман алып қалады.

"Мен бұл қаралы күндерді ешқашан ұмытпаймын. Ол уақытта мен бірден 20 келі салмақ тастадым", - дейді Мариям.

Пәктікті тексеруге қарсы наразылықтар

Мариямның әңгімелері көптеген ирандық әйелдер үшін қорқынышты шындық саналады, себебі олардың отбасылары тұрмысқа шыққанға дейін қыздың пәктігін сақтауға алаңдайды. Бұл консервативті мәдениеттің тамыры тереңде жатқан құндылығы іспетті.

Алайда соңғы кездері жағдай өзгере бастады. Иранда тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да "қыздығын дәлелдеу" әдетіне қарсылық танытуды үдетті.
Өткен жылдың қараша айында жарияланған тиісті петицияға алғашқы айда 25 мыңға жуық адам қол қойып үлгерген. Иранда пәктікке қатысты мұндай кең және ашық талқылау бұған дейін болған емес.

"Бұл жеке шекараны өрескел бұзу және қорлау болып саналады", - деп есептейді Неда. Ол пәктігінен 17 жасында студент шағында айырылғанын айтады.

"Мен қатты алаңдадым. Бұл туралы отбасым білетін болды деген ойдың өзі мені қатты шошытты", - дейді Неда.

Неда пластикалық хирургтың көмегімен пәктігін қалпына келтіруге шешім қабылдайды. Техникалық тұрғыдан алғанда, бұл процедура Иранда заңды, бірақ ол қоғамдық пікірді екіге жарып жіберу қауіптілігі жоғары болғандықтан ауруханалар мұндай тәуекелге баруға дайын емес.

Сондықтан Неда жеке клиника іздеуге мәжбүр болды, ал олар операция үшін көп ақша сұрады.



"Бұл процедураны төлеу үшін мен барлық жиғанымды жұмсадым. Ноутбугімді, телефонымды, алтын бұйымдарымды саттым", - деп еске алады қыз.

Ол тіпті операцияның салдары үшін немесе бірнәрсе дұрыс болмаған жағдайда барлық жауапкершілікті өз мойнына алу туралы құжатқа қол қоюға мәжбүр болған. Отаның өзі шамамен 40 минутқа созылды, бірақ Неда тағы бірнеше апта бойы өз өзіне келе алмай жүреді.

Бұл оқиға туралы ата-анасына тіс жарып айтпайды.

"Мен өзімді жападан жалғыз сезіндім. Ата-анамның алдындағы үрей туралы ойлау бұл ауыртпалықты жеңуге көп көмектесті деп ойлаймын", - деп қосты Неда.

Алайда қыздың тартқан бар азабы бекер болды. Арада бір жыл өткен соң ол оған үйленгісі келген жігітті кездестірді, бірақ неке түнінен кейін төсекте қан болмайды. Тек сонда ғана қыз пластикалық операцияның сәтсіз болғанын түсінеді.

"Күйеуім мені өзіне алдап үйлендірді, өтірік айтты деп айыптап, мені тастап кетіп қалды", - дейді Неда.

Отбасының қысымы

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "қыздық куәлігін" этикаға жатпайтын және ғылыми тұрғыдан қолдау көрсетілмейтін тәжірибе деп санайды, бірақ мұндай құжат әлі де тек Иранда ғана емес, Индонезия, Түркия немесе Ирак сияқты кейбір мұсылмандар басым елдерде кең тараған.

Иранның медициналық органдарының өкілдері пәктік сынағы тек ерекше жағдайларда, мысалы, зорлау фактілерін тергеу кезінде жүргізіледі деп сендіреді.

Дегенмен пәкті туралы сұраулардың басым бөлігі әлі күнге дейін некеге тұруды жоспарлап жүрген жұптардан түседі. Сондықтан, жастар жеке клиникаларға жүгінеді және олар көбінесе өз аналарымен бірге жүреді.
Гинеколог немесе акушер емтихан өткізеді, оның нәтижесінде әйелдің толық аты-жөні, әкесінің аты, төлқұжат нөмірі көрсетілген ресми медициналық құжат беріледі, кейде фотосурет қоса беріледі. Тексеру кезінде науқастың жағдайын тексерген дәрігер: "Бұл қыз пәк болуы әбден мүмкін" деген қорытынды шығарады.

Ең консервативті отбасыларда анықтамаға қосымша екі куәгер қол қояды - көбінесе қалыңдық пен күйеу жігіттің аналары.

Дәрігер Фариба көп жылдар бойы осындай сертификаттар беріп келеді. Ол мұны қорлайтын тәжірибе екенін мойындайды, бірақ мұның көптеген әйелдерге көмектесетініне сенеді.

"Олар қатты отбасылық қысымға ұшырайды. Кейде жалған куәлік беруге тура келеді: жыныстық қатынасқа түсіп жүрген, үйленетін ерлі-зайыптыларды көргенде, жас жұбайлардың өтініші бойынша олардың отбасыларына қыздың пәк екенін айтамын", - дейді дәрігер.

Көптеген ирандық ер адамдар үшін пәк қызға үйлену әлі де принципті мәселе саналады.

"Егер қыз үйленгенге дейін пәктігінен айырылса оған сенуге болмайды. Ол өз күйеуін өзге еркек үшін тастап кетуі ықтимал", - дейді 34 жастағы Әли.

Алайда өзі "өзін ұстап тұра алмағандықтан" 10 қызбен жыныстық қатынасқа түскенін мойындаудан тартынбайды.

Әли Иран қоғамында қос стандарттар бар екенін мойындайды, бірақ дәстүрлерден бас тартуға ешқандай себеп көрмейді.

"Әлеуметтік нормалар ер адамның әйелге қарағанда көбірек еркіндікке ие екендігін бекітеді", - дейді ол.



Ал Әлидің көзқарасын ирандықтардың көбісі, әсіресе ауылдық жерлердің тұрғындары қолдайды.

Пәктік туралы сынаққа қарсы наразылықтардың күшеюіне қарамастан, көптеген ирандықтар бұл тәжірибе мәдениетке терең сіңген және жақын арада билік тарапынан тыйым салынбауы керек деп санайды.

Болашаққа деген үміт

Өз-өзіне қол жұмсау әрекетінен кейін төрт жыл өткен соң Мариям күйеуімен ажырасты. Бірақ жақын арада оның қайта тұрмысқа шығуы екіталай.

"Менің енді қайта ер адамға деген сенімім болады деп айту қиын. Жақын болашақта өзімді қалыңдық ретінде көрмеймін", - деп түсіндіреді ол.

Он мыңдаған басқа әйелдермен бірге Мариям пәктігін растау тәжірибесін тоқтатуды талап етіп, әртүрлі петицияларға қол қойып жүр. Ол жылдам өзгерістерді күтпейді бірақ ол бір күні ирандық әйелдер өз мақсатына жетеді деп сенеді.

"Бұл өзгерістің жақын аралықта болатынына сенемін. Болашақта ешбір қыз менің басымнан өткен жағдайды өз басынан өткермейді деп сенемін", - деп түйіндейді Мариям.

Сұхбаттасушылардың аты-жөндері өзгертілген.

Талқылау