Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жыныстық сауаттылықтың жоқтығынан қыздардың өмірі қор болады". Қазақстандық сексолог телегония, дін, пәктік жайлы

Қазіргі уақытта біршама интернет қолданушыға танымал болып үлгерген сексолог, йога жаттықтырушысы Анель Нұржаубаева жыныстық сауаттылық маңызды және әзірге біздің қоғамда оған мән бермейтінін айтады. Анель редакциямызға берген сұхбатында сексология ғылымы, телегония және қыздың пәктігі мәселелері жайлы ой қозғады.

- Анель, сіз тек вумбилдинг жаттықтырушы ғана емес, сексологсыз, жалпы сексология деген не және осымен қай уақыттан бері  айналысасыз? 

- Жалпы Алматыда КИМЕП ЖОО-да қаржы мамандығында білім алып, жеті жылдай халықаралық компанияда есепші болып жұмыс істедім. Кейіннен Мәскеуге барып, вумбилдинг оқуын оқыдым, сол уақыттан бері арнайы жаттығуларды үйренумен, үйретумен айналысып жүрдім. 2016 жылдан бастап босанған әйелдерге арналған қалыпқа келу тренингтерін оқыта бастадым. Сексологияны 2018 жылы оқып, үш жылдай осы бағытта жұмыс істеп жүрмін. 

Жалпы сексология дегенміздің өзі - жаңа ғылым түрі. Ал телегонияға ғылымға қайшы ұғым. Осыны білуіміз керек.

- Сексолог ретінде телегония жайлы ойыңызды айтсаңыз, қазақтарда осы ұғым қаншалықты жиі таралған және оған көбі сеніп жата ма?

- Телегония дегеніміз: "Қыздың бірінші жыныстық қатынасқа түскен ер кісі болса, келешекте баласы сол ер кісіге ұқсайды. Мысалы, әйел кісі бірінші жыныстық қатынасқа бір кісімен түссе, ал үйленгенде басқа кісіге күйеуге шықса, баласы бірінші ер кісіге ұқсайды" деген пікір.
Бұл, әрине - миф, ғылымға қайшы ұғым (антинаука). Генетика ғалымдары осы ұғымды жоққа шығарды. 

Ойлап қарасаныз, бала шәует пен ұрық жасушасынан пайда болады. Басқаша, ешқалай. Ер кісінің шәуеті болса, демек сол ер кісінің баласы болады.

"Маған ұқсамаса" дегендерге жауап: балаңыз сізге ұқсамауы да мүмкін. Әйеліңізге, шешесіне, атасына, апасына, тіпті сіз көрмеген ата-бабалаларға ұқсауы мүмкін. Себебі ол ДНҚ.

Шариғатты айтып өтсек, бәріміз білетіндей, Пайғамбарымыз (с.а.с) Хадиджаға (р.а) үйленгенде, біріншісі болмаған. Және де Пайғамбардың (с.а.с) балалары 100% балалары екенін білеміз. Оған ешкім күмәнданған жоқ.

Сол ұғымға сенетін адамдар, дінге де, ғылымға да қайшы болады. Оны "соқыр наным, ескішілдік" дейді.

- Осы мәселе тұрғысында адамдарға дұрыс ақпаратты қалай беруге болады?

- Адамдарға дұрыс ақпаратты көп түсіндіру керек, ғылыми тұрғыда ешқандай дәлелі, мәні жоқ пікірлерді ажырата білген дұрыс. Статистикаға қарап, дұрыс кітаптарды оқып, білікті мамандармен сөйлесу керек, қазақша сауатты ақпарат аздығы да бұл жерде қиындық келтіреді. 

Телегония жайлы постты жазғанда, осы ұғымға адамдардың сенетініне таңғалдым. Қаншалықты адамдардың қасаң ойлайтыны, ғылымға да, оған қайшы нәрсеге де сенетіні жаға ұстатады. Бұл тұрғыда әйелдердің көбі ойын өзгертеді. Ал ер адамдарға осы ұғымға сену ыңғайлы сияқты. Себебі көбі жыныстық қатынысқа түспеген қыздарды алғысы келеді. Үйленгенге дейін әртүрлі қыздармен қатынасқа түссе де, сол қыздардың ертеңгі болашағын ойлап, қарастырмайды. Демек, мұны өз-өзіне қарама-қайшы келу деп түсіну керек, ішкі конфликт орнайды. Осы нәрсені ғылыми тұрғыда қаншалықты сіңірсек, соншалықты оладың көзқарасы кеңейіп, түсініктері молаяды. 

 - Сізге көмекке жүгінетіндер көбіне қандай мәселемен келеді?

- Әйел адамдар көбінесе тренерлік жұмысыма қатысты, босанған соң өз-өзін қалпына келтіру, гинекологиялық мәселелермен келеді. Ал ер кісілер тарапынан жыныстық сауаттылық бойынша, денсаулық жайлы сауалдар көп түседі. Қазіргі уақытта осы жыныстық сауаттылық жайлы сауатты ақпарат өте аз. Мен әрдайым оны үйден бастаған дұрыс деп айтып отырамын. Көп қазақтың стандартты, негізгі, қарапайым нәрселерді білмейтініне таңғаламын. Бұл жағдай болашақта мұндай адамдардың жыныстық белсенділігінің төмендетуі, тіпті импотенцияға алып келуі мүмкін. Осындай проблемаларға жеткенде ғана дәрігерлерге жүгініп жатады. 

- Дін тұрғысында сексологияға қалай қарайды, екі бағытты бірге алып жүру қиын емес па?

- Меніңше, сексология ғылым болғандықтан діннің ғылымға көзқарасы ашық, білім ретінде қабылдайды. Өзім ислам дінін ұстанатын адаммын, бірақ нақты сол саланың маманы емеспін. Дін ұстана отырып, ғылыми тұрғыда сауаттылықты ашуда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Менің жолым - білімге талпыну, іздену.  Көп адам бұрынғы көзқарасты ұстап алып, заманынның өзгерістеріне қарамай, дамымай қалып жатыр. 

- Заманауи қоғамда қыздық пәктік қаншалықты маңызды, бұл нәрсе қазақ отбасыларында, қарым-қатынаста қандай рөлде?

- Пәктік қазіргі уақытта өзекті тақырып. Біздің қоғамда өте маңызды. Әсіресе, оңтүстік жақта бұл нәрсе өте маңызды рөлде екенін байқауға болады. Қыздың пәк болуына аса маңыз беретін адамдар екі маңызды факторға көз жұма қарайды: 

- ғылыми тұрғыда, пәктік деген қан емес, себебі кейбір қыздарда қыздық перде болмауы мүмкін. Бұл ғылыми тұрғыда нақтыланған ұғым. Пәктік - қанда емес, өз-өзін ұстауында, адамның әдебінде. Ал біздің қоғамда соған қатты мән береді. Тіпті гименопластикаға барады, ал бұл операция түрі бүгінгі қоғамда топқа кіріп отыр. Бұл өте дамыған операция түр екенін айтып өту керек.

- инцест, сексуалды зорлық. Кішкентай қыздарды туыстары, кейде тіпті әкелері қолмен ұстап, жәбір көрсетуі, зорлауы. Қыздар әрине, психологиялық зақым алады. Болашақта жыныстық қатынасқа түсуге қорқады. Адамдар осындай мәселеге көз жұмады. Өте өкінішті, осындай ең өзекті нәрселерді айта беруіміз керек, себебі бұл қалыпты жағдай емес. Көбі ұятқа салып, ешкімге ештеңе айтпай жүре береді. Жыныстық сауаттылықтың жоқтығынан қыздардың өмірі, өмірі қор болып жатыр. Қыздық пәктікке тек біржақты қарамай, көзді ашып, үлкен маңызды мәселе ретінде қарауымыз қажет. 

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр