"Бұл мені де алаңдатып отыр": Арыс әкімі жарылыстан кейін 21 адамның көз жұмуы туралы
Бұған дейін Арыста 24 маусым күні орын алған жарылыс кезінде екі әскери қызметкер мен бір шағын орталық жұмысшысының қайтыс болғаны туралы айтылған болатын. Содан бері Арыста тағы 17 адам көз жұмған, деп хабарлайды Stan.kz өңірдегі тілшісі.
Бұл мәліметті Арыс қаласы әкімдігіндегілер берді. Онда маусымның 25-cінен шілденің 12-сі аралығындағы мәлімет келтірілген. Жарылыс салдарынан қайтыс болған үш адам мен күні кеше белгісіз жағдайда қайтыс болған 18 жастағы жас жігіттің өлімі көрсетілмеген. Айта кетерлігі, әкімдік берген ақпаратта өлім себебі айтылмаған, белгілісі олардың басым көпшілігі қарт тұрғындар. Олардың қатарында 1986, 1990, 2019 жылғы Арыс тұрғындары бар.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Арыста радиациялық қауіп болуы мүмкін, жарылыстан кейін өлім-жітім саны көбейіпті деген ақпарат тараған болатын. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.
Тағы оқыңыз >>> "Мен не істеп, не қойғанымды жақсы білемін": Арыс әкімі өзін жерді заңсыз сатты деп айыптағандарға жауап берді
Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек те тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Себебі жауаптылар тиісті сараптама жүргізіп, оның қорытындысы бойынша адам өміріне келетін ешбір қауіп анықталмаған.
«Интернет желісінде көптеген мәлімет тарап отыр ғой. Қалада жарылыс болған кезде және кейін де мен осындамын, Арыстан ешқайда кеткен жоқын. Бұл сұрақ мені де алаңдатады, облыс әкімі де бұл мәселені қадағалауда ұстап отыр. Құжат жүзінде көрсете аламын, қала қалыпты жағдайда. Радиациядан келетін қауіп жоқ. Радиациядан келетін қауіп бар дегенді ресми түрде жоққа шығарамын», - деген Арыс әкімі қалада қайтыс болған тұрғын саны көбейіп кетті дегенді шындыққа жанаспайды деді.