Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бизнеске жол" жобасы: Президент тапсырмасымен БҚО-да түрлі саладағы кәсіпкерлердің құқығы қорғалуда

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Әділхан Сабуров Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде "Бизнеске жол" жобасы аясында түрлі саладағы 300-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әділхан Сабуровтың сөзінше, кәсіпкерлердің құқығын қорғау – мемлекеттің өзекті және басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлікті шенеуніктердің заңсыз араласуынан және әкімшілік кедергілер жасауынан қорғау сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тұрақты назарында.

“Осы мақсатта жыл басынан агенттіктің бастамасымен "Бизнеске жол" жобасы жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүддесін қорғау бағытында жедел топ жұмыс жасап келеді. Оның құрамына ведомство қызметкерлерімен бірге әкімдіктер, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы, шағын және орта бизнес, кәсіби бизнес қауымдастықтарының өкілдері кірді”, – дейді департамент басшысы. 

Бұнымен қоса Орал қаласында Халыққа қызмет көрсету орталығында "Бизнесті қолдау" арнайы кабинеті ашылып, түрлі әкімшілік кедергілерге тап болған 40-тан астам кәсіпкер жүгініп үлгерді.

"Бизнеске жол" жобасы аясында 300-дей кәсіпкердің құқығы қорғалса, соның ішінде 80-нен астамы жер қатынастары саласына қатысты. Мысалы, Тасқала ауданы жер қатынастары бөлімімен жер телімін жалға алу келісімшарты жасалған кезде жалға алушының құқықтарының бірі негізсіз көрсетілген. Келісімшарт заңға сәйкестендірілді”, – дейді ол.

Бақылау және қадағалау, инфрақұрылым саласында департаменттің араласуынан кейін 13 адам тәртіптік, 3 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

“Казталов ауданы әкімінің орынбасары мен Теректі ауданы Ақсуат ауылдық округінің әкімі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 465-бабы 2-бөлігіне (рұқсат беру тәртібін бұзу) сәйкес жауапқа тартылды. Сол секілді БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 173-бабына сәйкес жазасын алды. Сондай-ақ кәсіпкерлік саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолы кесілді. Бұл бағытта 188 кәсіпкердің құқығы бұзылған. Басқа да құқықбұзушылық анықталып, тиісті шаралар алынды", – дейді Сабуров.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 29 Маусым, 2023 15:01