Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз де бақытты болғымыз келеді": Қызылордалық мүмкіндігі шектеулі жандар жарқын өмір үшін күресуде

Бұл дүниеге келген әр адамның тағдыры әрқилы. Өмірде жолы болғыш, төрт құбыласы түгел, ісі өрге жүретін жандар жетерлік. Сәйкесінше, талай қиындықты еңсеріп, денсаулығында кінәраты бар, әр күні күрестен тұратын адамдар да аз емес. Өзгеге масыл болуға намыстанатын, өз күштерімен жетістікке жетуді мақсат ететін азаматтармен Stan.kz сайтының өңірдегі тілшісі сұхбаттасып қайтқан еді. 

Қызылордалық Күлсін Арзымбетованы желі қолданушылары жақсы біледі. Жүзі жылы, жүрегі жұмсақ жан туабітті жүру мүмкіндігінен айырылған. Оның үстіне жасөспірім кезінде тұмаудың асқынуынан құлағы нашар еститін болып қалған. Талай қиындықытарға қарамастан, Күлсін апа өмірді шексіз сүйетінін айтады. Рухы асқақ, көз ашық, көкірегі ояу Күлсін апай өзін аяғанды, мүсіркегенді ұнатпайды. 

"Мен көп балалы отбасында дүниеге келгенмін. Анамның құрсағынан шыққанымда екі аяғым жансыз болған екен. Бала кезімнен ата-анам мен бауырларым маған ерекше қамқор болды. Мен махаббат пен сүйіспеншілікті сезініп өскен жанмын. Осыдан болу керек, тағдырдың сынағына тіке қарап келемін. Өзге балалар секілді мен де мектепте оқығым келді. Сабаққа арбамен баратын кездерім есімде. Ауылда асфальт қайдан болсын, шеге құмға дөңгелегім батып қалатын кездерім болатын. Бүгін ол кездердің барлығын ерекше толғаныспен еске аламын", - дейді кейіпкеріміз.    

Қазір Күлсін апаның жасы 52-де. Арбаға танылған жанның жүзінен ерекше нұр шашып тұрғанын байқауға болады. Өміріне де, тағдырына да мүлде өкпелі емес. Керісінше, әр күніне шүкіршілік айтып, өзің сабырға шақырып отырады. 

"Жақында анам қайтыс болды. Бұл жағдай менің жүрегіме қатты әсер етті. Ол кісі үнемі менің жанымда болды, менің рухани қолдаушым еді. Ажалға не амал бар. Мен де өзге адамдар секілді толыққанды өмір сүргім келеді. Өз аяғыммен жүріп, әйел, ана бақытын сезінгенге не жетсің. Бірақ бұл Жаратқанның сынағы, тағдырғыма мойынсұнып келемін", - дейді Күлсін апа. 

Күлсін апа бала кезінен қолөнерге жақын болып өскен. Тоқыма тоқып, тігін тіккенді жақсы көреді. Бүгінде шебердің жұмысына ерекше қызығушылық танытатын жандар аз емес. Қыз жасауына, түрлі көрпе-көрпешелерге тапсырыс беретіндер көп. 

"Мен қол қусырып отырғым келмейді. Уақытта бекерге өткізген дұрыс емес. Қолымнан тігін тігу келеді. Осы қасиетімді кәсіпке айналдырып отырмын. Тапсырыс берушілерімнің жұмысыма көңілдері толады. Алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіріп жатады. Ешкімге алақан жайып, масыл болғанды ұнатпаймын. Өз күнімді өзім көріп, қосымша қаражатымды тауып отырмын. Бұл мен үшін үлкен жетістік", - дейді апа. 

Бойындағы ерекше қайсарлығы мен қайраттылығы сүйсіндіретін қызылордалық Сағатбек Қуанышбаев та арбаға танылған азамат. Жас жігіт студент кезінде жол апатына ұшырап, мүгедек болып қалған. Соған қарамастан Сағатбек жоғары оқу орнын тәмамдап, мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Мұнан бөлек қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ерікті жастардың қатарын толықтырып келеді. 

"Әрине, бастапқыда өте қиын болды. Тағдырыма мойынсұна алмадым, өмір сүруге деген құлшынысым болған жоқ. Бірақ уақытқа дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. Осы сәттерде менің жақындарым ерекше қолдау білдірді. Менің анам мен екі қарындасым бар. Ер азамат ретінде жауапкершілік маған жүктелетінін білдім. Сол себепті өзімді қолға алуға тырыстым. Қазір өмірдің сынағына тойтарыс беріп келемін", - дейді Сағатбек. 

Бүгінде қызылордалық жігіт облыстық мүгедектер қоғамында жұмыс жасайды. Өзімен тағдырлас азаматтарға түрлі көмек көрсетеді. Қолынан келгенше демеп, жылы сөзін аямайды. Сағатбек былтырғы пандемия кезінде мұқтаж жандарға көмектескен еріктілердің қатарында болды. Мүмкіндігі шектеулі болса да, қайырымдылық іс-шарасынан қалыс қалған жоқ. 

"Ер кісіге өжеттілік қажет. Қандай жағдай болса да рухты қолдан жіберуге болмайды. Қазір мен "Жылы жүрек жастары" қоғамдық қорының жетекшісімін. Осы ұйым арқылы көптеген іс-шараларды ұйымдастырып, халыққа пайдамызды тигізіп жүрміз. Қоғамдық жұмыстар маған да көп септігін тигізеді. Бір сәт басымдағы мәселемді ұмыттырып, алға жетелейді", - дейді Сағатбек. 

Қызылордалық жігіт өзінің отбасы үшін аянбай еңбек етіп жатыр. Жуырда Сағатбек үйінің құрылысын аяқтап, су жаңа көлік мінді. Жақындары алаңсыз өмір сүріп жүр. Азамат ендігі кезекте өмірлік жарын кездестіріп, жанұя құруды армандайды. Ол үшін жігіттің жан-жарасын жаза алатын, мінезін түсіне алатын бойжеткеннің кездескенін тілейді. 

Өткен жылы Қызылорда облысында мүмкіндігі шектеулі азамат мемлекеттік және жеке мекемелерге жұмысқа тартылды. Бұдан бөлек, "Бастау Бизнес" жобасы аясында грант иеленіп, өз кәсіптерін ашқан мүгедектер де бар.

Естеріңізге салсақ, 2020 жылы, 25,5 мыңнан астам мүгедектігі бар адамға жұмыспен қамтуды қолдаудың түрлі шаралары көрсетілді. Оның ішінде 1,5 мыңға жуық адам шағын несие мен грант алып, 15,4 мыңы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысқа орналастырылды.  Жұмыспен қамтудың жол картасы арқылы 2,2 мың азамат жұмысқа тұрды. Мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс орындарын квоталау қағидасы шеңберінде, былтыр, жұмыс берушілер 6,4 мың адамды жұмысқа қабылдады. ұдан басқа, 2021 жылы, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушілердің оларды жарақтандыру шығындарын субсидиялау арқылы 113 арнайы жұмыс орны құрылады. Бұл жұмыс орындары халықаралық тәжірибе негізінде құрылады және көру, есту, тірек-қимыл жүйесі бұзылған адамдардың жұмыс істеуі үшін жағдайды қамтамасыз етуді көздейді. 

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай әлеуметтік көмек қарастырылған?

  • Мемлекеттік жәрдемақы түріндегі төлемдер, өтемақы
  • Жергілікті атқарушы органдар тарапынан берілетін қосымша төлемдер
  • Жұмыс берушілер мен басқа да ұйымдар тарапынан берілетін қосымша әлеуметтік көмек

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік көмек жайлы толығырақ мына сілтемеден оқуға болады. 

Талқылау