Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Болар іс болды…": Бишімбаев сотта марқұм Нүкеноваға қол көтерген сәтін баяндап оның суреттерін "өңделген" деп күдіктенді

Бұған дейін сотта ағасы көрсеткен Салтанат Нүкенованың соққыға жығылған сәті көрінетін суреттеріне Бишімбаев күмән келтірді. Сонымен қоса экс-министр марқұм келіншегіне қол көтерген сәтті баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: сот отырысынан скриншоттар

Бишімбаев бұл суреттерді “өңделген” болуы мүмкін деп күдіктенеді.

"Мен кеше адвокаттарыма ескерту жасадым. Осы жерде көрсетілген фотосурет өңделген бе, жоқ па – білмейміз", – дейді Бишімбаев.

Бишімбаевтың адвокаттары бүгін Мальдив аралдарындағы демалыста түскен Куандық пен Салтанаттың суретін алқабилерге бергісі келді. Алайда зардап шеккен тараптың прокурорлары мен адвокаттары наразылық білдірді.

"Бұл суреттер Мальдив аралдарында түсірілген. Үйдегі альбомнан алдық. Біз оларды жай ғана басып шығардық. Бұл жерде жәбірленуші мен айыпталушының жағдайы қандай екені көрініп тұр", - дейді адвокат Ерлан Газымжанов.

Сот қорғаушылардың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты, өйткені суреттер азаптау мен кісі өлтіру ісінің материалдарына қатысы жоқ дейді олар.

Сонымен қоса Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы өлтіру ісі бойынша сотта жауап алу кезінде оның 2023 жылдың көктемінде ұрып-соққаны туралы айтты. Бишімбаевтың айтуынша, оқиға 8 наурыздан кейін болған.

“Мен оған сыйлық жасадым, барлығы жақсы секілді еді. Келесі күні мен жұмысқа кетемін. Кешке үйге оралсам, Салтанатты мас күйінде көрдім. Ол екі бөтелке шарапқа тапсырыс беріпті, ал біреуін ішіп үлгерген. Мас, өте агрессивті, менен бірдеңе талап ететіндей”, – дейді күдікті.

Оның айтуынша, марқұм келіншегі Қуандық Бишімбаевтың мерекемен тағы кімдерді құттықтағанын білу үшін телефонын тексерген. 



“Ол жерден мен құттықтаған әйелдердің, әріптестерімнің және т.б. тізімді тауып алады. Мұның соңы ұрыс-керіске ұласты. Алғашында ыдыс-аяқ лақтырып жатқан еді, кейін төбелеске жалғасты. Ол мені барлық бұрынғы еркектерімен интимдік, қаржылық, материалдық жағынан салыстыра бастады. Бұл мүлдем төзгісіз болды. Сосын болар іс болды… Ол маған тұра ұмтылды және мен де шынымды айтсам өзімді ұстай алмай қалдым”, – деп ақталады Бишімбаев.

Сотталушы 20 наурызда Салтанат ағасы Айтбек Амангелдіге ұрып-соғудың ізі бар суретін жіберген оқиға туралы да айтты. Бишімбаев сол күні жұмыста болғанын, ал үйде балаларымен отырған Нүкенова не істеп жатқанын білу үшін оған қайта-қайта телефон соққанын жеткізді.

“Мен үйге қайтып келе жаттым. Жолда маған жәбірленуші (Айтбек А. – ред.) хабарласып, қорлай бастады. Салтанат ата-анам тұратын пәтерге түсіп кетіп, балаларымды үйде жалғыз қалдырып кетіпті. Мен не себепті бұлай болғанын білмеймін. Ол (Айтбек А. – ред.) менің асхана пышағымды алып, мен табалдырықты аттай бергенімде тұра ұмтылды. Ол мені өлтіріп қоюы мүмкін еді. Ол біздің төбелескенімізді айтады. Мен жай ғана оның қолындағы пышағын алып қоймақ болдым”, – дейді экс-министр.

Бишімбаевтың сөзінше, осыдан кейін Айтбек Амангелді қарындасын тауып оны алып кетпек болған алайда ол көнбей қойған.

“Есіктің арғы жағынан әлі де масаңдығы кетпеген күйдегі Салтанат шықты. Шықты да бауырына да боқауыз сөздерді үйіп-төкті. Осыдан кейін ол қашып кетті”, – дейді Бишімбаев.

Айыпталушы Қуандық Бишімбаев сотта айғақ беруді жалғастырып жатыр. Баяндау кезінде Бишімбаев тергеу мен айыптау нұсқасы бойынша, жұбайы Салтанат Нүкеноваға порнографиялық мазмұндағы кейбір бейнелерді көрсетті делінгенін еске салды.

"Маған аноним нөмірден Telegram-арнаға сілтеме келді, "қараңыз, ол жерден жұбайыңызға ұқсайтын адамды көресіз" делінген. Түн болатын, мен есеңгіреп қалдым, эротикалық видеоны көрдім. Қыз өте ұқсайды. Беті көрінбейді, бірақ өте қатты ұқсайды (Салтанатқа – ред.). Әрине, елеусіз қалдыра алмадым.  Оған көрсеттім де "кешір, бірақ, неге маған мұндай видеоны жібереді” деп сұрадым", – дейді Қуандық Бишімбаев.

Талқылау