Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бөтен адамның несиесін жапқан қазақстандық азамат сот арқылы соманы қайтарып алды

ақша ер адам
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Шу ауданында кепілгер ретінде басқа біреудің қарызын жапқан азамат сотқа жүгініп, 569 мың теңгені өндіріп алды. Жамбыл облысына қарасты Шу аудандық соты басқа біреудің несиесін өтеуге мәжбүр болған азаматтың талап-арызын қанағаттандырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Іс материалдарына сәйкес, жауапкер мен микроқаржы ұйымы арасында қарыз шарты жасалған. Ал талап қоюшы азамат К осы келісім бойынша кепілгер болған. Кейін жауапкер несие бойынша міндеттемелерін орындамағандықтан, берешекті кепілгер өз қаражаты есебінен өтеуге мәжбүр болған.

Өз кезегінде азамат К сотқа жүгініп, төленген соманы жауапкерден өндіріп беруді сұрады. Талап арызға қоса, несие төленгенін растайтын барлық құжаттар ұсынылған.

Сот отырысы барысында ұсынылған дәлелдемелер толық зерттеліп, олардың заңдылығы мен негізділігі бағаланды. Осылайша, сот талап қоюшының уәждерін орынды деп танып, талап-арызды қанағаттандырды.

Сот шешімімен жауапкерден талап қоюшының пайдасына 569 мың теңге және мемлекеттік баж өндірілді. Шешім заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында қызмет ететін әскери жігіт бұрынғы сүйіктісімен бір жылдық қарым-қатынастан кейін айырылысып, оған жасаған барлық ақшалай сыйлықтары мен аударымдарын қайтарып алуды талап еткен еді. Ол тіпті моральдық шығын мен айыппұл өндіруді де көздеп, сотқа жүгінген. Алайда сот процесі барысында ұсынылған дәлелдердің заң талаптарына сәйкес келмеуі және тараптардың жеке хат алмасуларының рәсімделуіндегі кемшіліктер істің барысына әсер етті. Осылайша, талапкер өз арызын кері қайтарып алды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 13 Мамыр, 2026 12:26