Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір айдан соң 18 жасқа толар еді": Шымкентте 11-сынып оқушысы өзіне қол жұмсады

Шымкентте №34 мектептің 17 жастағы оқушысы өзіне қол жұмсаған. Қайғылы жағдайға байланысты құзырлы орган өкілдері тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро 31 бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Марқұм сол күні мектепке баруы керек еді. Алайда ауырып тұрғанын айтып, үйде қалып қойған. Жасөспірімнің денесі кешкі уақытта өз үйінен табылды.

Бір айдан кейін қыз 18 жасқа толу керек еді. Жасөспірімнің суицидке баруына не себеп болғаны әзірге белгісіз. Ата-анасының айтуынша, ол жантәсілім етер алдында ештеңе жазып қалдырмаған. Полицейлер "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.



Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, марқұмның сыныптастарымен қарым-қатынасы жақсы болған. Оқу үлгерімі де қанағаттанарлық. Сондай-ақ олар жасөспірімнің қатарластары тарапынан буллинге ұшырауы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды. 

“Белсенді қыз еді. Мектептегі мерекелік шараларға қатысатын. Сыныптастарымен қарым-қатынасы жақсы еді, мұғалімдерді де сыйлайтын. Жыл басында және үшінші тоқсанда мектеп оқушыларының психологиялық жағдайына талдау жасаймыз. Жыл басында марқұм жақсы нәтиже көрсеткен еді”, – дейді педагог-психолог Ардақ Айтпаева. 

Бұған дейін білім басқармасының қызметкері Антикор тергеуінен кейін өзіне қол жұмсаған еді.

Талқылау