Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте екі онлайн казиноның айналымы 3 миллиард теңгеден асқан

ойын казино
Фото: Stan.kz

Шымкенттегі Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері Bingo-37 және Lotoboom атты екі онлайн казиноның заңсыз қызметін тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Тергеу барысында 2023-2025 жылдар аралығында бір топ адамның заңсыз ойын бизнесімен айналысқаны анықталды. Олар 14-тен астам дроппердің атына ашылған банк шоттары арқылы ойыншылардан ақша қабылдап, ұтыстарды аударып отырған”, – деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі. 

Кейін қылмыстық табыс қолма-қол ақшаға айналдырылған. Тергеу дерегінше, екі онлайн казиноның жалпы айналымы – 3,1 миллиард теңге. Оның 2,6 миллиард теңгесі ұтыс ретінде төленсе, 685,7 миллион теңгесі табыс ретінде қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылар қылмыстық жолмен тапқан табысына автокөлік, пәтер және жер телімдерін сатып алған. Сот шешімімен бұл мүлікке тыйым салды.

Тәркіленуі мүмкін мүліктердің қатарында BYD Destroyer, Lixiang L6 Max, Chevrolet Monza, SsangYong Rexton, Changan X5 Plus маркалы автокөліктер, тұрғын үйі бар екі жер телімі және басқа да активтер бар. Олардың жалпы құны – шамамен 214 миллион теңге.

Тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 13 Шілде, 2026 10:33